Ұлттық банк Ұлттық қор қаржысына ҚМГ акцияларын сатып алу құқығына ие болмақ
Қаржы министрлігімен қатар Ұлттық банк Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатып ала алатын болады. Ондағы мақсат – республикалық бюджетті қаржыландыру. Сатып алынған акциялар сосын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқаруына беріледі. Акцияларды сатып алу шартын Ұлттық банк айқындайды.
Қаржы министрлігі әзірлеген, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойған қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжат 6 ақпанға дейін ашық талқыда болады. Министрлік осы құжат негізінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару туралы шартқа» өзгеріс енгізген Үкімет қаулысын тағы да өзгертпек.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынымдарын ескере отырып, кейіннен Банк айқындайтын шарттарда Банктің Ұлттық әл-ауқат қорының басқаруына беру мүмкіндігімен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акцияларын Банктің республикалық бюджетті қаржыландыру үшін сатып алуы жөнінде шешімдер қабылдауға құқылы»,– делінген құжатта.
Ұлттық банкке бұндай құқық беруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ұсынған. Ал бұл кеңесте Президент, премьер-министр, Сенат пен Мәжіліс төрағалары бар. Сонымен қатар Президент әкімшілігінің басшысы, Ұлттық банк төрағасы, Қаржы және Ұлттық экономика министрлері кіреді.
Ұлттық қор қаржысына ҚМГ акциялары қалай сатып алынды?
2023 жылдың төртінші тоқсанында Қаржы министрлігі Ұлттық қордың 1,1 триллион теңге қаражатын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның 20 пайыз үлесін сатып алған болатын.
Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордың 1,3 трлн теңгесіне «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.
Ұлттық банк былтыр қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Хабарламада республикалық бюджетке трансферт және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.
Сосын Ұлттық банк компания акцияларын сатып алуға қазан айында нақты 500 млрд теңге жұмсағанын мәлімдеді.
Ал қараша айында Ұлттық банк бюджетке бөлінетін трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатты.
Нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 1,1 трлн теңге түскен. Сарапшылар Ұлттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – «бюджет саясатындағы жағымсыз үрдіс» деп тұжырымдаған еді.
Ал Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаржы «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Министрлік 2023 жылдың 11 айындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде ҚМГ акцияларын сатудан бюджетке түскен қаржыны Ұлттық қордан аударылатын трансферт деп көрсетпеген. Ол «мемлекет меншігіндегі акциялардың мемлекеттік пакетіне түскен дивиденд» бағанына жазылған.
Қазақстанның миноритар акционерлер қауымдастығы Қаржы министрлігінің бұл әрекетін құптамады. Ұйым Ұлттық қордан шығарылған қомақты қаржы «акцияларға салынған инвестиция» ретінде көрсеткісі келді деп сынаған еді.
Бюджет тапшылығы қандай?
2024 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 3 трлн теңгені құрауы мүмкін. Десе де, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаржы алынбайды деп сендірген.
Ал Ұлттық экономомика вице-министр Азамат Әмрин kursiv.media сауалына берген ресми жауабында Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансфертке талап күшейтілетінін айтқан.
ҚМГ акционерлері кім?
KASE-дегі 2024 жылдың 1 қаңтарындағы ақпаратқа сәйкес, Ұлттық компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Оған қазіргі кезде компания акцияларының 67,42 пайыз акциясы тиесілі. Былтырғы «сауда-саттыққа» дейін қорға тиесілі акция 87,42 пайыз болған.
Ал Ұлттық қордың активіне сатып алынған 20 пайыз акцияға қазір Қаржы министрлігі иелік етеді. Сонымен қатар Ұлттық банк ҚМГ-ның 9,5 пайыз үлесін басқарады.