Қуантыров базалық мөлшерлеме тағы төмендеуі керек екенін атап өтті
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда базалық мөлшерлеме тағы төмендеуі керек екендігін атап өтті.
«Менің пікірімше, базалық мөлшерлеме бірте-бірте төмендеуі керек. Ұлттық банктің негізгі міндеті инфляция деңгейін тұрақты ұстап отыру. Алайда Ұлттық банк Үкіметпен бірге экономикалық даму мәселесін де қарастыруы қажет»,– деді Қуантыров.
Министрдің айтуынша, Үкіметтің ұстанымы базалық мөлшерлемені төмендету болып отыр.
«Сол себепті қазіргі таңда инфляция деңгейі 9,8% төмен болып қалды. Осыған байланысты кезеңімен базалық мөлшерлемені түсіру керек. Экономикаға несие беру неғұрлым өсу керек. Тек қана бюджеттен субсидиялау мүмкін емес, өйткені бюджет шектеулі. Сондықтан жеке банктерден қаражат тарту қажет»,– деді министр.
19 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендеткен. 2023 жылы қараша айында шығарғарылған соңғы шешім бойынша ол 15,75 пайыз болған. Жаңа шешім бойынша базалық мөлшерлеме 15,25% болып бекітілді.
Бас реттеушінің дерегінше, жылдық инфляция 2023 жылғы желтоқсанда 9,8%-ға дейін төмендеген. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Баға өсімінің баяулауына бірқатар фактор ықпал еткен. Оның арасында жатқан ақша-кредит саясаты және әлемде азық-түлік бағасының арзандауы және өндіріс шығасыларының төмендеуі бар. Сонымен қатар биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.
Сарапшылар биыл Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете бастайды деп болжам жасаған.
Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың пікірінше, оған 2023 жылдың соңындағы инфляция деңгейі төмендеуі әсер етеді.
Ұлттық банк 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды.
Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанда елде жылдық инфляция баяулап, 9,8%-ды құраған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 8,5%, азық-түлік емес тауарлар 9,1%, қызметтер көрсету 12,4%-ға өскен.
Былтыр ел Үкімет елдегі инфляция деңгейін төмендетуге бар күш-жігерін салды. Өйткені 2022 жыл ел экономикасы үшін ауыр тиіп елдегі инфляция шарықтап кетті.
2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.
Жыл соңына қарай Үкімет қойған межесіне жетіп, Қазақстандағы жылдық инфляция 98,%-ды құрады.
Базалық мөлшерлеме – ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық Банктің негізгі құралы. Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін белгілейді. Ортамерзімді кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлеменің мақсатты мәнін айқындайды.