Еуро одақ Орталық Азияға Ресейді айналып өтетін көлік дәлізін салуды жоспарлап отыр
Еурокомиссия мен Еуропалық инвестициялық банк Ресейді айналып өтетін Орталық Азияға стратегиялық көлік инфрақұрылымы объектілеріне 1,5 млрд еуро инвестиция салуға ниетті.
ТАСС ақпаратынша, бұл туралы Брюссельде өткен Global Gateway форумында Еурокомиссия төрағасының орынбасары, сауда мәселелері жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскис айтқан.
«Ұзындығы 11 мың шақырым болатын көлік дәлізі Еуропа мен Азия арасын 15 тәулікте кесіп өтуге мүмкіндік береді. Біз нақты нәтижелерге қол жеткізуге ниеттіміз. Сондықтан Еурокомиссия мен Еуропалық инвестициялық банк Орталық Азияға көлік мүмкіндіктеріне €1,5 млрд инвестиция салады», – деді Валдис Домбровскис.
Аталмыш форумға қатысқан Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев елге 40 млрд еуро көлемінде инвестиция тарту бойынша жобаларды ұсынған.
Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша тек ҚХР-мен транзиттік тасымалдар 2 есеге өскен. Ал транзиттің жалпы көлемі 43 пайызға артқан.
«Ұзындығы 4,7 мың шақырым транзиттік дәліздерді қайта жаңарту және Транскаспий халықаралық көлік маршруты қаңқасының негізін құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру үшін Global Gateway бастамасы аясында қаражат тартуды ұсынамыз және еуропалық мердігер ұйымдарды Қазақстанның автожолдар құрылысының үлкен жобасына қатысуға шақырамыз», – деді Марат Қарабаев.
Теміржол саласында ұзындығы 1300 км жаңа магистральдық бағыттардың құрылысы басталады. Сондай-ақ қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Азаматтық авиация саласында саланы дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін инвесторларға отандық 22 әуежайды басқаруға беру жоспарланған. Ақтау портында инвесторларға терминалдық қуаттарды дамыту үшін 171 га ұсынылады. Бұл теңіз флотын нығайту және контейнерлік хаб құру үшін берілмек.
Қазақстан 22 әуежайын Еуропа инвесторларына беруі мүмкін. Бұл жайлы көлік министрі Марат Қарабаев Брюссельде өткен кездесуде айтқан. Марат Қарабаев Астана мен Алматының ірі әуежайлары қазірдің өзінде шетелдік холдингтермен бақыланатынын айтқан.
«Біз Транскаспий халықаралық көлік бағыты қатысушылары мен Еуропалық Одақ арасында осы бағытты дамыту туралы келісімге қол қоюды ұсынамыз», – деген министр.
Ал министрліктің ресми сайтында әуежайлар туралы ештеңе айтылмаған. Онда министрдің Бельгия премьер-министрінің орынбасары Жорж Гилькинмен кездескені айтылған.Қазақстанның көлік секторына жәрдемдесу және дамыту үшін ұсынылатын қаражатқа қатысты Еуропалық инвестициялық банкпен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған.
Көлік министрі Марат Қарабаев сонымен бірге Қазақстан нарығына шетел әуе компаниясын шақырып жатқанын айтқан болатын. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы қазіргі таңда Вьетнамдық Sovico Holdings әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Министр еліміз бұл бағытта бірнеше шетел компанияларын қарастырып жатқанын айтты. Бірақ Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air-мен көбірек жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
«Әлі толық шешім шығарылған жоқ. Қазіргі таңда бірнеше елдердің компанияларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Sovico Holdings компаниясымен терең жұмыстар жүргізілді. Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air бар. Олар көбінде лоукостер ретінде көпке танымал. Олардың үлкен әуе паркі бар. Сол себепті де осы компаниямен көбірек жұмыс істеп жатырмыз», – деді министр.