Алматыда екі мәрте жер тербелді
30 қаңтар түнгі сағат 03:03 пен таңғы сағат 04:27 шамасында Алматыда жер тербелді. Екі тербелістің де негізгі ошағы Қытайда болған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сағат 03:03 кезінде болған дүмпудің тербеліс ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 278 шақырым жерде, Қытай аумағында. Зілзаланың энергетикалық санаты — 10.5. MPV магнитудасы — 4.5. Тереңдігі — 10 шақырым. Алматыда сезілмеген.
Екіншісі таңғы 04:27 кезінде Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 293 шақырым жерде, Қытай аумағында тіркелген. Энергетикалық санаты — 13.3. MPV магнитудасы — 5.8. Тереңдігі — 10 шақырым. Жер сілкінісі алматылықтарға 2 балл көлемінде сезілген.
Ведомствоның жазуынша, бұл дүмпулердің барлығы 23 қаңтарда болған жер сілкінісінен кейінгі афтершок.
Еске сала кетер болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.
Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.
Жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.
Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл қағылмаған. Бүгін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жасау құралдарының неліктен іске қосылмағанын түсіндірді.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтің айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.