Қарағанды облысында екі қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, екі адам қаза тапты
Қарағанды облысында Бұқар жырау ауданындағы 2 қабатты тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды. Салдарынан үй шатырынан бастап, төменгі қабаттың қабырғаларына дейін опырылып, ортасына түскен. Апат салдарынан екі адам қаза тапқан. Үйінді астында адамдар бар. Бұл жайлы аудан әкімі Абылай Сұлтанғали жазды.
«2024 жылғы қаңтарда сағат 00:07-де Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті, Әуезов көшесіндегі 12 пәтерден тұратын 2 қабатты үйдің 2-ші кіреберісінде алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылды. Кейіннен екінші қабат жартылай қирады. Өрт болмады. Үйінділердің астында адамдар бар. Жергілікті жерде Штаб ұйымдастырылды»,– деп жазды аудан әкімі Абылай Сұлтанғали өзінің Инстаграм парақшасында.
Әкімнің хабарлауынша, апат орнында 45 адам және 13 техника жұмылдырылған.
Үйінді астынан 6 адам шығарылып, Ботақара кентінің орталық ауруханасына жіберілген. Ал екі адам қаза тапқан.
«Өздеріңіз білетіндей, екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны атылды. Өкінішке орай, екі адам қайтыс болды. Қаза тапқандардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын»,– деп жазды әкім.
Аудан басшысы зардап шеккен тұрғындарға көмек ұсынылып, үйсіз қалған адамдар тиісті орындарға уақытша орналастырылғанын айтты.
Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жөнінде арнайы комиссия құрылады. Барлығына қажетті көмек көрсетіледі. Ақпаратқа сәйкес, аудан әкімдігі жергілікті сипаттағы ТЖ жариялады.
«Аудан әкімінің айтуынша, үй ҚазМИРР сарапшыларының қатысуымен тексеріліп жатыр. Тұрғындар әзірге туыстарының үйлерінде орналастырылған, оларды одан әрі қоныстандыру және үйдің тағдыры туралы мәселелер шешілетін болады», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, дәл осындай жарылыс 2023 жылы 17 сәуірде Жаңаөзен қаласында болды. Онда да дәл осындай 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй қабырғалары опырылған болатын.
Жаңаөзендегі екіқабатты тұрғын үйде газ баллоны емес, газ-ауа қоспасының жарылысы болды деген болжам бар. Ал жарылыс қуатының жойқын болуына жабық кеңістік болғаны себеп болған. Жарылыстан 4 пәтер толықтай жойылып, 4 адам қайтыс болды.
«Болжам бойынша кіреберісте газ жиналып қалған. Тоқ қосылып, жиналып қалған газ үлкен жарылысқа әкелген. Ал газ баллонын көп қабатты тұрғын үйлерде қолдануға тыйым салынған» дейді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.