Тамшылап суару технологиялары қымбат, оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек – Смайылов
Үкімет отырысында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту мәселесі қаралды. Премьер-министр Әлихан Смайылов тамшылап суару технологиялары қымбат екенін айтып, жауапты министрліктерге бұл технологияны елде өндіру тетіктерін табуды тапсырды.
Үкімет басшысы жалпы елімізде 312 мың гектарда тамшылатып суару жүйесін қолдану жоспарланғанын атап өтті. Ал қазір оның жалпы аумағы небары 84 мың гектарды ғана құрайды. Бұл технологияларды пайдалануға олардың құнының қымбаттығы кедергі екенін атап өткен Смайылов мұндай құрылғыларды елде өндіру мәселесін қозғады.
«Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет. Жалпы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керек»,– деді премьер-министр.
Смайылов су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастыру маңызды екенін айтты. Осы орайда жалпы еліміздегі трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу қажеттігіне тоқталды.
«Көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу шеңберінде келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс»,– деді министр.
Жиында суды тиімді пайдалануды жалпы тұжырымдамасы қабылданды. Оған сәйкес:
- Өңір әкімдіктері 1 айлық мерзімде коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдаулары қажет.
- Сондай-ақ коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеру керек.
- Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін су саласын дамытудың Кешенді жоспарын қабылдау қажет.
Бұл жоспар бойынша Тұжырымдамаға модернизациялау мен жаңадан салынатын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесі енгізілуге тиіс. Премьер-министр Су ресурстары министрлігіне 2 апталық мерзімде Кешенді жоспар жобасын Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды. Ал Өнеркәсіп министрлігі су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі керек.
Су инфрақұрылымын дамытуға қанша қаражат жұмсалып жатыр?
Жалпы елімізде 9 жыл ішінде су инфрақұрылымына 1 трлн 100 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл жайлы мәжілісте өткен жиында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтқан болатын.
ЖАП басшысы оңтүстік өңірлерде суармалы жерлердің тек 5 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары пайдаланылатынын айтты. Тіпті соның өзі бір жылда 0,2 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін сөз етті.
ПРООН мәліметі бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанда су көлемі 75 мың км3 дейін азаяды. Оның үстіне Қазақстан сыртқы суларға тәуелді. Трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемі жылдан-жылға азайып бара жатқаны да жасырын емес. Годунова судың Қазақстан үшін оңай жолмен келмейтініне қарамастан, елімізде су мүлде үнемделмейтінін айтты.
Сонымен бірге халықаралық несиелеу нәтижелері де көңіл көншітпейді. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің несиелендіруімен «Қазсушар» РМК 2017 жылдан бері жалпы құны 317 миллион АҚШ долларын құрайтын 61 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бірақ ЖАП аудиті кезінде 5 жылдан бері небары 18 жобаның ғана аяқталғаны анықталған. Ал 37-сі іске асыру сатысында, 6-уы бойынша жұмыс әлі басталмаған. Себебі – сол баяғы сапасыз жоспарлау мен адал емес мердігерлер. Сонымен бірге аудит нәтижесінде ЕҚДБ-ның 3 млрд теңге несиелік қаражатына жоспарланған 8 жобаға деп сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған инфрақұрылымдар негізгі мақсаты бойынша пайдаланылмаған.
Сонымен бірге Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жобасына 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бірақ жоспарланған жоба соңына дейін аяқталмай қалған. Су ресурстары министрі 14 жыл бұрын қаражаттың тиімсіз жұмсалуының артында кімдер тұрғанын айта алмады. Бірақ әзірленген жүйе негізінде тағы бір жүйе дайындалып жатқанын айтты.