Жаңалықтар

Шетелдік сарапшылар Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатына қатысты қандай ұстанымда

Шетелдік сарапшылар Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатына қатысты қандай ұстанымда / shutterstock

Орта державалар халықаралық аренада белсенді әрі ықпалды экономикалық ойыншыларға айналып келе жатыр. Германиялық әйгілі SWP – ғылым және саясат қорының халықаралық саясат және қауіпсіздік институтының мамандары арнайы зерттеу жасап, орта державалардың әлеуетін, геосаяси жағдайларға байланысты туындап жатқан тығырықтан шығу амалдарын зерделеген

Орта держава қатарына олар Түркия, Израиль, Мысыр, Сауд Арабиясы, Үндістан, Индонезия, Эфиопия, Кения, Оңтүстік Африка, Мексика, Бразилия және Қазақстанды кіргізеді. Айтуларынша, бұл елдердің өзара үш ұқсастығы бар: 

  • Экономикалық дамудың ең бірінші кезектегі маңыздылығы; 
  • Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа ерекше мән беруі; 
  • Стратегиялық автономияға ұмтылуы. 

12 держава да Қытаймен қатынасқа мүдделі 

 «Бұл елдер экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысынан батыс елдерінен едәуір артта келе жатыр. Олар өздеріне тартымды ұсыныс жасайтын елдерге көбірек жүгінеді. Он екі елдің барлығы Қытаймен интенсивті және тыныш қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Үндістан, Индонезия, Кения, Эфиопия және Бразилия үшін Қытай – қазіргі уақытта басты сауда серіктесі, маңызды инвестор және инфрақұрылымдық жобалардың демеушісі. Алайда Эфиопия мен Кенияда Бейжің берген қарыздың соңы экономикалық және саяси тәуелділікке әкеліп соғады деген алаңдаушылық артқан. Қытайдың шикізат жеткізіліміне назар аударуы Бразилия мен Мексика сияқты елдерге өздерінің құн тізбегін құруға және бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге кедергі келтіреді. Ресей де көптеген ел үшін маңызды экономикалық серіктес саналады. Олар Үндістанға мұнай және қорғаныс құралдарын жеткізеді, ал Мысыр, Кения, Эфиопия және Индонезия елдері Ресей өндірген тамақ өнімдері мен тыңайтқыштарды тұтынады. Түркия болса арзан ресейлік мұнай мен ресейлік туристер есебінен тәуір экономикалық тиімділік көріп отыр», – делінген зерттеуде.

Олар экономикалық тәуелділіктің соңы сыртқы саясатта шектеулі қадам жасауға алып келетінін айтады.

«Бұл ретте Мексика мен АҚШ қатынасын мысалға алсақ болады. Сонымен бірге, Оңтүстік Африка өзінің Ресейге деген жанашырлық көңілін жұмсартты. Өйткені америкалық конгресс өздерін «Африканың мүмкіндіктері және өсімі туралы» заңның (AGOA) қаржыландыру бағдарламасынан алып тастайды деп қауіптенді. Қытай немесе Ресейге деген экономикалық тәуелділік Индонезия, Қазақстан және Эфиопияның да сыртқы саясат мүмкіндіктерін шектеп отыр. Қазір Қытайдың экономикалық ықпалын төмендету үшін Үндістан, Кения және Қазақстан экономикалық қатынастарын әртараптандыруға күш салуда», – дейді сарапшылар. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы өсе түсті

The National Interest журналисті Харун Карчич те өз мақаласында Қытай рөлін айырықша атап өтеді. 

«Қазақстан Қытаймен байланыстыратын үшінші теміржол желісі құрылысын бастады. Бұл теміржол бағыты екі ел арасындағы жүк тасымалын қазіргі 28 млн тоннадан 48 млн тоннаға (жылдық) дейін жеткізеді. Құрылысы 2027 жылы аяқталатын теміржол құрылысы жұмыс істеп тұрған екі шекара өткелінің де жүктемесін жеңілдетпек. Осы Жаңа Жібек жолының аясында Қазақстан теңіз жолдарымен байланысты белгісіздікті айналып өтіп, орталық транзиттік торап және қауіпсіз құрлық дәлізі ретінде әрекет ете алады. Нәтижесінде Қазақстанның әлемдік саудадағы маңызы миллиондаған әлеуетті тұтынушылар үшін ашыла түседі. Қазіргі уақытта Қытай Қазақстанның басты экономикалық және сауда одақтасы болып отыр», – деп жазады журналист.

Аналитик 2023 жылдың 9 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымының 32,7 млрд долларға дейін өскенін және қазіргі кезде экспортты әртараптандыру, Қытайға жеткізілімдер көлемін ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтеді. Қытай Қазақстан экономикасын дамыту тұрғысынан аса маңызды қатысушылардың біріне айналды: 2005 жылдан бері салған инвестициясы 24 млрд долларға жеткен. 

«Шығыс пен Батыс арасында орналасқан, Қытаймен ортақ шекарасы бар Қазақстанның стратегиялық географиялық жағдайы қытай тауарларының транзиті үшін кең перспективалар ашады», – дейді. 

Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2023 жылы Қазақстан ЖІӨ-сі 259 млрд доллардан асады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға жоғары және Орталық Азиядағы ең жоғарғы номиналды өсім. Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша да оң динамика байқалады (13 мың доллар). 2028 жылға таман 16 800 долларға жетеді деген болжам бар. 

«Бірақ шетелдік инвесторларды тарту үшін мемлекет әлі көптеген экономикалық және саяси реформалар жүргізуі керек. Қазақстан приватизация жолымен мемлекеттік кәсіпорындарын қысқартады деп те күтіледі. Сондай-ақ біртіндеп болса да, Ресейден өзінің экономикалық бөлінуін жеделдетеді. Ресеймен әлемдегі екінші жалпы құрлық шекарасына ие бола отырып санкцияларды сақтайды және контрабандаға қарсы күресті екі есе арттырады, сөйтіп тәуелділікті азайта отырып Ресеймен сауда-саттықты жалғастырады. Бұл әрекеттер негізінен Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан және Грузиямен жалғасатын батысқа қарай орта дәліз деп аталатын Транскаспий энергетикалық маршрутының кеңеюін қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді. 

Қазақстан – Орталық Азиядағы ықпалды ел

SWP зерттеушілерінің айтуынша, Қазақстанның Орталық Азияда ерекше орыны бар. Бұл біріншіден, географиялық қамту аймағы мен орналасу нүктесіне байланысты. 

Қытай мен Ресей үшін Қазақстан: 

  • Шикізат жеткізуші; 
  • Өткізу нарығы; 
  • Транспорттық дәліз; 
  • Саяси одақтас. 

Бізді аталған екі державамен бірнеше стратегиялық мазмұн байланыстырады. 

Қазақстан – қазба байлықтарға бай мемлекет, сондықтан болар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ біздің аумаққа АҚШ пен Еуропа компаниялары келіп алды. Бізде мұнайдан бөлек, түрлі металл мен сирек кездесетін элементтердің аса бай қоры бар. Соңғы кезде Еуропалық одақ ерекше қызығушылық танытып отырған экологиялық таза энергия көзін өндіру әлеуеті әлі жеткілікті деңгейде жолға қойылған жоқ. Дегенмен алғышарт қадамдары жасалып жатыр. 

«Совет дәуірінде ұзақ жылдар бойы Ресейге тәуелді болып келді. Біртіндеп батыс елдерімен және Қытаймен экономикалық байланыстар ауқымын кеңейтіп келеді. Қытай Қазақстан үшін инвестор, кредитор және сауда серіктесі ретінде маңыздырақ бола бастады. Қытай қауіпсіздік саясаты тұрғысынан аймақта көбірек жауапкершілікті алуға дайын екенін де аңғартты. Теңізге шыға алмайтын ресурстарға бай мемлекет ретіндегі және көршілес екі өңірлік державаның күшін проекциялау объектісі ретіндегі геосаяси жағдайы оның батыс және басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын қалыптастыру үшін негіз құрайды», – деп жазады SWP. 

Олардың пайымынша, әу бастан-ақ экономикалық саясат Қазақстанның әртараптандырудағы сыртқы саяси мақсаты айқын көрінетін саласы болды. 

«Серіктестерді әртараптандыру тұрғысынан да Қазақстан тәуір жетістіктерге жетті. Орталық Азиядағы көршілерімен салыстырғанда олар 90 жылдары өз нарығының есігін батыс инвесторлары үшін айқара ашты. Әрине, бірінші кезекте өздеріндегі бай мұнай қорын өндіру үшін. ЕО қазіргі таңда Қазақстанның ірі шетелдік инвесторы саналады, ұйымның сыртқы саудадағы үлесі 40 пайызға жетті. Оңтүстік Корея мен Түркия да Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестері атанды. Алайда экономикалық әртараптандыру о баста қалағандай тым алысқа бара алған жоқ. Шикізат әлі күнге экспорттық кірістердің басым бөлігін құрап отыр. Бұл, ең алдымен, президент Назарбаевтың отыз жылға жуық билігінің ішінде қазақстандық олигархиялық элитаға сіңіп кеткен рентерлік экономикаларға тән ынталандыру құрылымдарымен байланысты. Яғни, шикізат экспорты есебінен қалыптасатын жылдам табысқа ыңғайланған. Қосылған құн тізбегін дамыту және шағын және орта бизнесті жүйелі түрде ынталандыру тиісті деңгейде жолға қойылмады», – дейді сарапшылар. 

Әртараптандыру – маңызды міндет

Олар Ресейдің Украинаға басып кіруі, кейін Ресейге қарсы бағытталған батыс санкциялары және ЕО-ның қайтадан Қазақстанға көңіл бөле бастауы Қазақстанның да әртараптандыру бойынша әрекетіне тың импульс берді деп есептейді. 

«Қазақстан шикі мұнай экспортына және Ресей арқылы өтетін көлік бағыттарына тәуелділігін азайтқысы келеді және жаңартылатын энергия көздері мен өңдеуші өнеркәсіптерді дамытуға, әсіресе тау-кен өнеркәсібіне инвестицияларды көбірек ілгерілетіп жатыр. Қазақстан қытайлық «Жібек жолы бастамасына» балама ретінде әзірленген және 2027 жылға қарай еуропалық емес нарықтарды біріктіруге шамамен 300 миллиард еуро инвестициялау жоспарланып отырған ЕО-ның «жаһандық қақпа» стратегиясына сүйенуге тырысуда», – деп топшылайды зерттеушілер. 

Сарапшының айтуынша, Орталық Азиядағы және Каспий бассейніндегі стратегиялық мәніне қарамастан батыс елдері бұл өңірге әлі жеткілікті көңіл аудармай отыр. Бұған бірнеше себеп бар, олар: 

  • Азия орталығын тұрақтандыру мен дамытудың жалпы стратегиялық негізінің болмауы;
  • Аймақтың негізгі елдерімен тығыз саяси байланыстарды нығайтуға жеткіліксіз назар аудару;
  • Орталық Азиядағы ықпал үшін бәсекелес басқа да ірі державалардың қарсыласуы.

«Қазақстан билігі Астананың көпвекторлы сыртқы саяси тәсілін бұзбай, өңірдің қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына жәрдемдесу үшін Орталық Азиядағы Америка мен Еуропаның рөлін күшейтуді қолдайды. Ресей мен Қытай, сондай-ақ Иран мен Түркия арасында Қазақстан мұнай мен газ транзитін қоса алғанда, адамдар мен тауарлардың үлкен ағынының орталығында орналасқан, аймақтағы геосаяси салмақты ел. Осыған қарамастан, қазақстандық сыртқы саясаттың болашақ өміршеңдігі Қазақстанның өзінің саяси таңдауына да, сыртқы әлемдегі неғұрлым кең оқиғаларға да тең дәрежеде тәуелді болып қала береді», – делінген.