Еліміздегі 15 млн адам өз уақыт белдеуінде тұрмайды – министр

Жарияланды
сағат белдеуі
Қазақстандықтардың гаджеттеріндегі сағат белдеуі 1 наурызда автоматты түрде ауысады / Фото: kursiv.media

Сауда және интеграция министрі Арман Шақкалиев Мәжілістен кейін өткен брифингте сағат белдеуі ауысатынына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, еліміздегі 15 млн адам өз уақыт белдеуінде тұрмайды.

«Сағат белдеуін бір уақытқа көшіру мәселесі 15 миллион адамға әсер етеді. Елімізде 15 миллион адам өз уақыт белдеуінде тұрмайды. Қазір Астана қаласының уақыты UTC 6-дa тұр. Ал біздің уақыт UTC 5 болуы керек. Бұған қатысты біршама дәлелдер айтылып жатыр»,– деді министр.

Журналистер көрші Қытайдың бір уақыт белдеуінде екенін, сол орайда «Қазақстандыкі еліктеушілік емес пе?», – деп сұрады.

«Жоқ, ол үшін емес. Қазақстанның 70 пайыз территориясы өзінің уақыт белдеуінде тұрған жоқ. Біздің уақыт белдеуіміз UTC five. Біз соған ыңғайлап жатырмыз»,– деді.

Ал мұндай өзгеріспен Шығыс Қазақстан тұрғындары келіспеген. Шакқалиев ШҚО-да арнайы жиындар өткізілгенін айтты. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. ШҚО тұрғындары үшін айырмашылық тек жарты сағат межесінде болмақ.

«Қаулы қабылданды және 1 наурыздан бастап сіз бен біз бір сағаттық белдеуде боламыз. Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемесіне келетін болсақ, өткен аптада біз жер-жерде кездесулер өткіздік. Халықпен кездестік. Ол жиындарға ғалымдардың үлкен тобы да қатысты. Олар қарапайым тілмен диаграммалар арқылы бүгінгі күні біртұтас уақыт белдеуіне көшудің басты себептерін түсіндіріп берді. Айырмашалық бар, бірақ Өскемен тұрғындары үшін емес. Шығысқа, шекараға қарай орналасқан жерлермен салыстырғанда айырмашылық болады. Яғни сағат түскі 12:00 кезінде Өскеменде 12:32 болады. 28-32 минуттай айырмашылық бар»,–деді министр.

Министр 1 наурыз түнгі 12-ден кейін барлық қазақстандықтың гаджетіндегі сағат тілі автоматты түрде ауысатынын айтты.

«Барлық гаджет автоматты түрде синхрондалады. Яғни параметрлерге кіріп сағатты ауыстырудың қажеті жоқ. Біз мұны ЦДИАӨМ-дегі әріптестермен ақылдастық. Олар 1 наурыз күні сағат 00:00-де автоматты түрде синхрондалатынын айтты. Ал пойыз бен әуе билеттері синхрондау бойынша жұмыстар әлі де жүргізіледі»,– деді Шакқалиев.

8 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жобасын дайындады. Сол мақсатта министрлік жұмыс тобын құрды. Қазақстанның бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделенгенін мәлімдеді. Жұмыс тобының нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері» туралы есеп берілді. 1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.

Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.

Сондай-ақ оқыңыз