Астана әуежайы мамыр-желтоқсан аралығында түнде жабық болады: ұшу-қону жолағына жөндеу жүргізіледі
2024 жылдың 1 мамырынан бастап Астана әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізлуге байланысты шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі елорда әуежайы басшылығымен бірлесіп өткізген кеңес кезінде белгілі болды.
«Бірқатар келіссөздердің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздықтардың салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды»,– делінген кеңес хаттамасында.
Осылайша 2024 жылы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуе айлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады.
Астана әуежайы хабарламасына сүйенсек, бұл шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейді. Алайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейстің мәртебесін нақтылау ұсынылған.
«Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар барлық қажетті құрылыс және қауіпсіздік нормасын сақтай отырып, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылатын болады»,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Жобаға инвестордың жеке қаражаты тартылады.
2023 жылы 18 қазанда елорда әуежайы БАӘ-нің Terminals Holding компаниясының басқаруына берілді. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады», – делінген хабарламада.
Инвестор бірінші кезекте – ұшу-қону жолағын реконструкциялауды және оны одан әрі жаңғыртуды жоспарлап отыр. Дайындық жұмыстарын және елорданың қысқа мерзімді құрылыс маусымын ескере отырып, келесі жылы жерүсті инфрақұрылымына күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді. Бұл жоспар мемлекет пен жеке компания мүдделерінің тепе-теңдік балансын ескере отырып, болашақ инвестицияларға негіз болмақ.
«Terminal Holding компаниясымен ынтымақтастықты нығайту Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әуежайларды мультимодальді орталықтар ретінде дамыту жөніндегі белгіленген міндеттерді іске асыруға елеулі үлес қосады»,–деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарығында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын.