КСРО-ға оралғымыз келмейді: Авторлық құқық туралы жаңа заң ресейлік компания мүддесін қорғай ма?
Қазақстандағы құрылған авторлық құқық қоғамдары «Авторлық және сабақтас құқықтар» туралы заңға Әділет министрлігінің өзгеріс енгізуіне қарсы. Өзгеріс енгізу бастамасын Сенат депутаты Жанна Асанова мен Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков көтерген. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес Қазақстанда авторлық құқықты басқарушылар компанияларды жояды. Ал олардың функциялары ведомствоға бағынатын кәсіпорынға беріледі. Яғни авторлық және сабақтас құқықтарды Үкіметтің өзі қорғайды.
Өзгерістер «Авторлық және сабақтас құқықтар» заңының 43-бабындағы 1 және 2-тармаққа қатысты:
- «Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма жасаушылар немесе авторлық және сабақтас құқықтардың өзге де иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға басқаруға беруге құқылы».
Авторлар өз құқықтарын қорғайтын ұйымды өздері таңдап, өздері құруға құқылы болған. Ал министрлік пен депутаттар ұсынып отырған өзгеріске сай авторлар өз құқықтарын өздері қорғай алмайды. Бұл қызметті ведомство жанынан құрылған кәсіпорын қорғауы қажет.
Авторлық құқық қоғамдары не дейді
Заң жобасына қатысты Алматыда брифинг өтті. Брифингте «Қазақстан авторлар қоғамының» төрағасы, композитор Балнұр Қыдырбек жаңа жобаның отандық авторлық қоғамдастық үшін қаншалықты зиян екенін айтып берді. Оның пікірінше, жаңа түзетулер монополияға қарсы заңнаманы бұзып қана қоймай, ресейлік ұйымдардың мүдделерін қолдауға бағытталған.
«2023 жылы ғана түзетулер болды. Біз оған да риза емеспіз. Енді жаңа заңға үгіттеп жатыр. Жаңа жобадан ресейлік авторлық қоғамның ізі ғана емес, жүзі де көрініп тұр. Депутат Стамбеков ҚР эфирлік дыбыс және Музыка мониторингі жөніндегі уәкілетті органның цифрлық операторы ретінде «Фонмикс» ЖШС енгізуді ұсынды. 2021 жылдың тамызында бізге Андрей Кричевский бастаған Ресейден делегация келді. Ол Ресей Федерациясындағы барлық зияткерлік меншіктің «толықтай иесі». Ресейлік «Фонмикс» компаниясына Никита Михалковтың (Батыс санкциялар тізіміне енген) қатысы бар. «Фонмикспен» жұмыс істеу қауіпті. Олар біздің елге алғаш келгенде бізді қорқытып, аккредитациямызды беруімізді талап етті. Қазақстанда тіркелген «Фонмикс» компаниясын Ресейден басқарылады. Ең бастысы, қазақстандық авторлардың шығармалары үшін барлық ақша Ресейге кетеді де, қалдықтары Қазақстанға оралады. Қазақстандық авторлық қоғам тек қағаз жүзінде ғана өмір сүретін болады», – деді Қыдырбек.
Ресей «Фонмикс» компаниясы 2021 жылы Балнұр Қыдырбекке ұсыныс жасап, авторлық қауымдастық аккредитациясын сұрайды. Ол бас тартқаннан кейін, қазақстандық өзге қауымдастықпен келісімге келеді.
«Қазір бізді қадағалайтын Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік департаменті «Фонмикс» компаниясын бірыңғай оператор етуді ұсынады. Олар тағы бір ұйым құрды — Орталық Азия зияткерлік меншігі. Ол да Кричевскийге тиесілі. Онда кез-келген автор барып, өз туындыларын тіркей алады», – дейді ол.
Жаңа заң жобасының «жасырын» тұстары
Авторлардың айтуынша, мемлекет Қазақстандағы авторлық құқықты ұжымдық басқару жүйесін мемлекет меншігіне алуды ұсынады. «Абырой» авторлық қауымдастығының төрағасы Марс Сүленов жаңа жобаны социалистік жүйеге оралу, 30 жылға кері кету деп бағалады.
«Мұнда Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылған авторлардың құқықтары тікелей бұзылғалы отыр. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, авторлардың өздері басқаратын қоғамдық бірлестік құрдық. Бұл бізді таңдау құқығынан айырып, социалистік жүйеге қайтару әрекеті. 20-30 жыл бұрынғы кезеңге шегіндіреді. Біз КСРО-ға оралғымыз келмейді», – деді Сүленов.
«Авторлық құқық туралы» заң Қазақстанда алғаш 1997 жылы пайда болған. Сол жылы «Қазақстан авторлар қоғамы» (КазАК) құрылған. Осы қоғамның бұрынғы төрағасы, ақын Байғали Есеналиев Қазақстан 2007 жылға дейін дүниежүзілік авторлық қауымдастықтардың «қара тізімінде» болғанын айтты.
«Қазақстан аумағында шетелдік авторлардың құқығы қорғалмады. Сондықтан олар біздің елден авторлық құқықтары үшін қаржы ала алмады. Қаржы ала алмағандықтан, біз олардың «қара тізімінде» болдық. 2007 жылға дейін, одан кейін де осы «қара тізімнен» шығу үшін біршама еңбектендік. Қазірдің өзінде құқық қорғау үшін 30 шақты сот процессіне қатысып жүрміз. Ал енді жаңа заң жобасы бұл еңбектің бәрін жоққа шығарады», – дейді Есеналиев.
Халықаралық ұйымдардың пікірі қандай
Балнұр Қыдырбектің айтуынша, қоғам 118 елдің басын қосқан CISAC халықаралық конфедерациясымен тікелей байланыс орнатқан жалғыз қазақстандық ұйым. Ресейлік «Фонмикстің» дәл «КазАК» қауымдастығына күш көрсетуіне де осы негізгі себеп. Былтыр «КазАК» тағы бір халықаралық ұйым IFRRO-мен (International Federation of Reproduction Rights Organisations) келісімге қол қойған. Оған әлемнің 85 елі мүше болып отыр. Аталмыш ұйымдар Қазақстандағы жаңа заң жобасына қатысты пікір білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдаған.
«Ұсынылып отырған жоба шығармашылық қоғамдастыққа және лицензиялау нарығына экономикалық әсерді тиісті бағаламай, сондай-ақ оның халықаралық заңнамаға және осы саладағы озық тәжірибеге сәйкестігін талдамай жасалған. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар сенімді және тиімді қорғауды қажет ететін жеке және заңды тұлғалардың шығармашылық және зияткерлік күш-жігерін қорғауы тиіс. Бұл құқықтар құқық иелеріне өз туындыларын пайдалану нарығын бақылауға, олардың таралу жолдарын анықтауға және олардан экономикалық пайда алуға мүмкіндік береді», – делінген CISAC және IFRRO хатында.
Айта кетейік, жоғары да аты аталған CISAC ұйымы ресейлік РАО (Российское авторское общество) ұйымымен келісімді тоқтатқан.