ІІМ басшысы экс-министр Бишімбаевтың қамаудағы жағдайы туралы айтып берді
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов адам өлтірді деген күдікпен ұсталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қамаудағы жағдайы туралы айтып берді.
Сәденовтің сөзінше, тергеу жұмыстары аяқталып, жәбірленуші тарап пен айыпталушы тарап іспен танысқаннан кейін қылмыстық прокуратура қарауына жіберіледі.
«Екі тарап іс құжаттарымен танысып жатыр. Процесс аяқталуға таяп қалды. Тергеу жұмыстары толық аяқталды. Екі тарап іспен толық танысып алғаннан кейін, істі прокуратураға жібереміз. Сол жақтан сот қарауына өтеді»,– деді Сәденов.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Бишімбаевқа қамауда ерекше жағдай жасалмаған.
«Барлығына жағдай бірдей жасалған. Ол қамауға алынғандықтан, жалпы негізде (қамауда отыр – ред.). Әдеттегідей барлығымен бірге бір жерде отыр», – деді ІІМ.
Сонымен қатар Сәденов Бишімбаевтың денсаулық жағдайы да жақсы екенін атап өтті. Ал оның эмоционалды жағдайына қатысты сауалға жауап бермеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қуандық Бишімбаев 9 қарашада ұсталды. Ол Астанадағы мейрамханалардың бірінде жұбайы Салтанат Нүкенованы айрықша қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жары Салтанат Нүкенова қайтыс болған Гастро орталықтың директоры 2 айға қамауға алынды. Бұл туралы Астана полиция департаменті хабарлады. Ол Қылмыстық кодекстің 432-бабымен Қылмысты жасырды деген күдікке ілінген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-ге бұл істі тергеуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Қаза тапқандардың отбасы куәгерлерді іздеп қазақстандықтарға жүгінді.
2018 жылы сотталған Қуандық Бишімбаев қандай жағдайда босап шыққаны туралы жазған едік.
2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған.
2017 жылдың қаңтарынан бастап есептегенде, экс-министр өз мерзімінің, яғни бастапқыда сот тағайындаған 10 жылдың 2 жыл 9 айын түрмеде өтеген.
Қуандық Бишімбаев «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алып келген. Ол Қазақстанның ең жас министрлерінің бірі болған. Экономика және қаржы саласында лауазымды қызметтер атқарған. 2009-2010 жылдары бұрынғы президент Назарбаев көмекшісі болды. 2013-2016 жылдары «Бәйтерек» холдингінің басшысы, 2016-2017 жылдары Ұлттық экономика министрі болған.