Жаңалықтар

Депутат еден жуушылар мен көше тазалушылардың жалақысын көтеруді ұсынды

еңбек адамдарының еңбекақысын
Депутат еңбек адамдарының жалақысын арттыру үшін оларды азаматтық қызметшілер тізіліміне енгізуді сұрады /Фото: kursiv.media

AMANAT партиясы фракциясының депутаттары қарапайым еңбек адамдарының жалақысын арттыруды ұсынады. Мәжілісте мектептер мен ауруханалардың еден жуушы, ағаш ұстасы, сантехник, көше тазалаушы, электрик секілді мамандардың мәселесі көтерілді. Жұлдыз Сүлейменова осындай еңбеккерлерге әлеуметтік кепілдемелерін қарастыру мәселесін көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады.

«Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары өсіп келеді. Өкініштісі сол, мекемелердің қызметін еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, ағаш ұстасы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ауыр жұмыстарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес болса да, бүгінде осы аталған жұмысшылар азаматтық қызметшілер реестірінде жоқ. Сондықтан Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығын арттырғанда, осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді»,– деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге жалақы алады. Электриктер – 81 575 теңге, аула сыпырушылар – 79 317 теңге алады екен. Сүлейменованың дерегінше, осы санаттағы жұмысшылардың 254 мыңының қолына алатын жалақысы 74-85 мың теңге аралығында. Бұл қаражатқа қазіргі уақытта бала-шағаны асырап, күн көру мүмкін емес. Депутат «еңбегі адал, жұмысы ауыр» қызметкердің жалақысы тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті болуға тиіс деп санайды.

«Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есе көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығы, ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуға тиіс деп есептейміз. Себебі жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет»,– деді Сүлейменова.

Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігіне Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарау ұсынылды. Депутаттар бұл тізілімге еден жуушы, ағаш ұстасы, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылар кіруге тиіс деп санайды.

Сонымен бірге депутаттар республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес өсіруді қарастыруды ұсынды.

Депутаттар Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, жоғарыда аталған қарапайым жұмыскерлердің еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарын есептеу мәселесін де көтерді.