Жаңалықтар

Көмір бағасын делдалдар 3 есе қымбаттатып жіберген: депутат бағаны арзандатуды сұрады

Көмір бағасы
Көмір бағасы карьерден 8,5 мың теңгеден шығып, халыққа жеткенше үш есе қымбаттайды / Фото: kursiv.media

Қазақстан шахталарынан шыққан көмір бағасы халыққа жеткенше 3 есе қымбаттайды. Мәселен, өндіруші көмір тоннасын 8,5 мың теңгеден шығарады. Ал тұтынушыға жеткенде баға 25 мың теңге болады. Депутат Сергей Пономарев соның себебін сұрап, премьер-министрге сауал жолдады.

Депутат жыл сайын көмір бағасының жылыту маусымына қарай қымбаттайтынын айтты. Әсіресе, бар ауыртпалық ауыл тұрғындарына түседі.

«Жылыту маусымына қарай қарапайым тұрғындар, оның ішінде ауыл тұрғындары үшін көмір қымбаттайды. Әсіресе, еліміздің шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін мұндай баға ауыр. Шұбаркөл карьерінен шыға берісте көмірдің тоннасы 8,5 мың теңге. Ал көптеген трейдерден өткеннен кейін, оның құны үш есе артады. Қарағанды ​​облысының Шет ауданында көмір қазірдің өзінде 25 мың теңге тұрады. Бізге мұндай алыпсатарлар керек пе?», – дейді депутат.

Депутат Қарағандыда көмір түсіруге рұқсат етілген ресми үш нүкте бар екенін айтты. Сол орыннан көмір сатуға тек санаулы кәсіпкерлер, өзі қойған бағада ғана көмір сатуға құқылы екен. Пономарев жергілікті биліктің мұндай бизнес нарығына еш әсер ете алмай отырғанын айтады.

«Жер қойнауын пайдаланушылардың олигополиясына тосқауыл болуымыз керек. Олардың делдалдарының санын азайтып, бағаның реттелуіне жағдай жасауымыз керек. Құқық қорғау органдары осы мәселені қарастыруы керек. Неге халыққа аса қажет өнімнің соңғы бағасының өсу себебін анықтауға тиіс»,– деді ол.

«Көмір өндірушілер халықпен қоса мемлекетті де алдап келеді»

Ол – ол ма? Жер қойнауын пайдаланушылар қарапайым халықты ғана емес, сонымен бірге мемлекетті де алдап отыр. Депутат «Ақтас көмір» ЖШС 2021 жылдан бері мемлекетке уәде еткен кокс зауытын салмастан, жер игілігін өз мүддесі үшін ғана пайдаланып жатқанын айтты.

«Ақтас Көмір» ЖШС көмір өндіруге лицензияны 2021 жылдың қыркүйегінде алған. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы Қарағанды ​​облысында қуаттылығы жылына 120 мың тонна болатын арнайы мақсаттағы кокс өндіретін зауыт салып, 500 жұмыс орнын ашуға міндеттенген. Алайда 2024 жылдың қаңтары болды. Зауыт жоқ. Ал «Ақтас көмір» ЖШС ең арзан саналатын ашық әдіспен көмір өндіріп пайда тауып жатыр. Компания жыл сайын есеп беріп отырады. Онда жыл сайынғы көмір өндірісі көлемінің артқаны туралы айтылады. Сонымен бірге олар жеңілдетілген салық түрін пайдаланып, мемлекетке болмайтын қаражат төлейді. Жер қойнауын пайдалану туралы кодексте мемлекетке ештеңе бермей, жай ғана көмір өндіруге тыйым салынған. Бірақ неге екені белгісіз, қадағалаушы министрлік жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыдан уәде еткен зауытты салуды талап етпей, лицензиясын қайтарып алуға шамасы жетпей отыр»,– дейді Пономарев.

2019 жылы Қазақстан Үкіметі 5 жылдық индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын бекіткен. Бірақ депутат бұл бағдарлама негізінде сапалы жобалар жүзеге асырылмағанын айтты. Осы мәселені шешу үшін үкімет басшысына бірнеше ұсыныс жолдады.

Депутат:

  • Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігін бағалап, мемлекет қаражатын ұтымды пайдаланудың негізгі индикаторларының орындалуы туралы есеп беруін;
  • Барлық кәсіпорындарды тексеру, жосықсыз бағдарламаға қатысушыларды анықтау және олардың міндеттемелерінің орындалуын бақылауды;
  • Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі жосықсыз делдалдарды анықтап, қарапайым тұрғындарға бөлшек саудада сатылатын көмірдің құнын төмендетуді сұрады.

«Ақтас-Көмір» ЖШС құрылтайшыларын еговтан тексеріп көрдік. Оның құрылтайшылары – Дина Күрлеутова мен Зәуре Ахметова деп көрсетілген.