Мәжіліс мақұлдады: Өзбекстан азаматтары уақытша есепке тұрмай, Қазақстанда 30 күн жүре алады

Жарияланды (жаңартылды )
Өзбекстан
Өзбекстан азаматтары 30 күн өткен соң, есепке тұруы тиіс / Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары 30 күн уақытша тіркеуге тұрмастан, бір-біріне сапарлай алады. Мәжіліс екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

«Бұл келісім бойынша екі ел азаматтарына уақытша есепке тұрмай, 30 күн елде болуына рұқсат беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін, олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Яғни оқу, жұмыс істеу, емделу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу үшін уақытша тіркеуге тұра алады. Уақытша тіркеу шеңберінде олардың елде болу мерзімі 6 ай ішінде 90 күннен аспауы керек. Қазір біздің азаматтар Өзбекстанда бес күннің ішінде тіркеуден өтуге міндетті екенін атап өткім келеді. Ал Қазақстанда тіркеу мен көш-қон карточкалары барлық шетелдік үшін 2020 жылдан бастап талап етілмейді. Бұл түзету біздің бастама бойынша әзірленді. Өзбекстан тарапы хаттаманы өткен жылдың сәуірінде ратификациялады»,деді құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

2023 жылы Қазақстанға 46 мың өзбек мигранты кірген

Депутаттар Өзбекстан азаматтарының елімізде арнайы тіркеусіз жүру жағдайлары жиі кездесетінін алға тартты. Олар осы келісім шеңберінде 30 күндік мерзімнен артық тұрған көрші ел азаматтарына қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Министр 30 күн өткеннен кейін тіркеуге тұрмаған шетел азаматтарына заң талаптарына сай шаралар қолданылатынын айтты.

«Егер 30 күннен асып кетсе, Өзбекстан азаматы жауапкершілікке тартылады. Мигранттарға қатысты рейдтік тексерістер жүргізіп отырамыз. Егер рұқсат етілген мерзімнен 10 күнге дейін полиция хаттама толтырады. Ал егер одан 10 күн асып кеткен болса, оны сот шешеді. Сот айыппұл салуы және елден мәжбүрлеп шығару туралы шешім қабылдауы мүмкін. 30 күн асты ма, азамат міндетті түрде елден шығуы тиіс»,– деді министр.

Осы орайда депутат Ерболат Саурықов шетелдік паспорт мәселесін қозғады. Яғни бүгінде қазақстандықтар шетелдік паспорт жасату үшін қомақты қаражат төлеуге тиіс. Балаға паспорт жасату үшін де біршама қаражат керек. Осы орайда қазақстандықтардың Өзбекстанға отбасымен сапарлауы қымбатқа түспекші.

«Хаттама шеңберінде жеке басты куәландыратын ішкі құжаттарды өзара тану мәселесі қарастырылмаған. Көрші елге бару шетелдік құжатты талап етеді. Ол дегеніміз – қосымша шығын. Еске сала кетсек, осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы азаматы 16 жасқа дейінгі балаға көлемі 24 беттен тұратын паспортты алу үшін 14768 теңге төлейді, ал 48 беттен тұратын ересектер паспорты үшін 44 мың теңге төлейді. Сонда отбасында 3-5 баласы бар орташа қазақ отбасы Өзбекстанға бару үшін 133-163 мың теңге арасында шығынға ұшырайды. Жалпы келісімде Қазақстан азаматтарының жеке куәлігі немесе балалардың туу туралы куәлігін шекарадан өту құжаты ретінде тану мүмкіншілігі қарастырылған ба?», – деп сұрады СІМ өкілінен.

СІМ өкілі екі тараптың ішкі құжаттарды шекардан өту құжаты ретінде тану туралы келісімге келмегенін айтты.

Ал депутат Мұрат Әбенов Өзбекстаннан келген азаматтардың елімізде заңсыз таксиде және басқа да салаларда жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті. «Олардың қызметін заңдастырып, салық төлеп, жұмыс істеуіне осы келісім шеңберінде жағдай жасауға бола ма?«, – деп сұрады.

ІІМ басшысы өз кезегінде министрліктің алдағы уақытта заңнаманы жетілдіру мәселесін қарастыратынын айтты.

«Өзбекстан азаматтары елімізге оқуға немесе бизнес жүргізуге келе алады. Бірақ, өкінішке қарай, шетел азаматтары бұл талаптарды бұзып жатады. Былтыр 73 мың заңсыз мигрант анықталды. Олардың 46 мыңы Өзбекстаннан келген. Мен сіздің бұл ұсынысыңызды толық қолдаймын. Елімізде жұмыс істегендіктен, олар салық төлеуі керек. Алдағы уақытта өзіміздің ұлттық экономикамыздың мүддесі мақсатында осы заңнамаларды жетілдіру мәселесін қарастырамыз»,– деді министр Сәденов.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі еліміздің еңбек нарығын реттеу мақсатында бұл мәселе бойынша арнайы квота бар екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз