Педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру нормасы қарастырылатын жаңа заң жобасы Мәжіліс қарауына түсті

Жарияланды
Депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырады / Фото: kursiv.media

Мәжіліс әйелдер құқы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жазаға тарту және балаларды қорлағандарға қатаң жаза қолдану нормалары бар.

Нақтырақ айтқанда, депутаттар екі түрлі заңды қарастырады. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіні қамтамасыз ету мәселелері» бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы негізгі заң жобасы. Ал екіншісі – «Қазақстан республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы.

«Бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Жоба мемлекет басшысының отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына және сайлауалды бағдарламасына толығымен сәйкес келеді. Біздің комитет тиісті заң жобасын жұмысқа қабылдауды ұсынады және тиісті қорытынды дайындайды»,– деді Әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасында келесі негізгі нормалар қарастырылады.

Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапукершілікке жатқызу және жазасын қатаңдату.

Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру.

Үшіншіден, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттігін беру.

Төртіншіден, педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру.

Бесіншіден, суицидті насихаттау немесе суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Бұған қоса балаларға арнаған интернаттық ұйымдарға оларға алдын-ала ескертпестен кез-келген уақытта тексеру құқығын беру сияқты тағы да басқа өте маңызды нормалар қарастырылған.

Депутаттар екі заңды да жұмысқа қабылдау жөніндегі қаулыны қабылдады.

Еске сала кетсек, бұл заңдардың Мәжіліс қарауына жіберілгені туралы Сенат депутаты Жанна Асанова хабарлаған болатын. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына жіберілгенін айтты.

«Бұл заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге мүмкіндік бермек, сондай-ақ заң адам құқықтары жеке қауіпсіздік кепілдіктерін, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға және әділ сот талқылауына қол жеткізу мақсатында әзірленген»,– деді депутат.

Ол заң жобасы арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге болады деп санайды.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтындар көп пе?

Елімізде 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатая түскен. Оған сәйкес, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту енді жасалмайды, орнына 10 тәулікке қамауға алынады. Ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғандарға айыппұл салынбайды, оның орнына қамауға алу мерзімі 10 тәулікке ұзартылған.

29 қазанда Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған брифингте Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева 39 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағанын айтты. Олармен полиция өкілдері профилактикалық әңгіме жүргізген. 

Ал 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қараған. Оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған. 

Осы заң талаптарына сай әнші Рахат Тұрлыханов жазаланды. Ол әйелін соққыға жыққаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке сотталды. Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарап, бірінші сатылы сот шешімін жарамсыз деп таныды. Бірінші сатылы сот Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған. Ал заңға сай қамауға алынуға тиіс болған. Аталған материалды қарау барысында, сот алқасы бұрын жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеген.   

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қараша айында жұртты дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз