Елорда бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығының деңгейі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 77,3 жасқа жетті.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотовпен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қабылданып жатқан шаралардың арқасында елордада денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң серпіні байқалады. Жалпы өлім-жітімнің 4,5% – ға төмендеуі байқалады»,– делінген хабарламада.
Сандар мен фактілер: өткен жылы МСАК ұйымдарында 10,5 миллион қабылдау өткізілді. Стационарларда 194 мың пациент емделді, 102 мыңнан астам ота жасалды.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді: 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 300-ге жуық қызметкер оқытылды. Оның ішінде 917 дәрігер және 382 орта медицина қызметкері.
151 мыңға жуық пациент тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.
Сенімді және дәл медициналық техника медициналық көмектің сапасын арттырады. Мәселен, 2023 жылы мыңнан астам жаңа медициналық техника сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыс биылғы жылы да жалғасады.
Басқарма басшысы елорда халқының өсуін ескере отырып, бірқатар проблемалық мәселелерге назар аударды. Бүгінгі таңда қолданыстағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы өсіп келе жатқан халықтың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Жағдайды жақсарту үшін алдағы жылдарға 14 Денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған.
Еске сала кетсек, Қазақстанда халық саны бір жыл ішінде 266 739 мыңға өскен деп хабарладық.
Ұлттық статистика бюросы халық саны туралы мәліметті жариялады. 2024 жылдың 1 қаңтарынына дейінгі мәлімет бойынша Қазақстан халқының саны 266 739 мыңға өскен. Бұл туралы stat.gov.kz сайты хабарлады.
Аталмыш мекеменің хабарламасында 2024 жылдың 1 қаңтардағы есебі бойынша, халық саны 20 033546 адамды құрады. Оның 12 451004 қала тұрғындары болса, ауыл тұрғындарының үлесі 7582 542 адамға жетті. Алайда былтырғымен салыстырғанда, халық саны небәрі 1,35 %-ға өскенін білдіреді.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық статистика 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, халық саны 20 014 575 адам болған. Оның 12 431 220-сы қала тұрғындары, 7 583 355-і ауыл тұрғындары.