Жаңалықтар

Қазақстанда инфляция баяулады

Қазақстанда инфляция баяулады/ Фото:shutterstocks

Қазақстандағы жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ды құрады. Ал желтоқсандағы көрсеткіш 9,8% көрсетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.

Азық-түлік тауарларының бағасы 8,2%-ға, азық-түлікке жатпайтын өнімдер 8,6%-ға, ал ақылы қызметтер 12,3%-ға өсті.

Қазақстанда екі таңбалы жылдық инфляция 2022 жылғы наурыздан бастап байқалды. Ол жылдық бөліністе 12% құрады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,3%-ға жетті, ал 2023 жылдың ақпанына қарай 21,3%-ға дейін жеделдеді. Бұл ең жоғары көрсеткіш болды. Содан бері бағаның өсуі біртіндеп баяулады. 2023 жылдың шілдесінде көрсеткіш 14%, қазан айында 10,8%-ды құрады.

Инфляцияның өсуіне жауап ретінде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. 2022 жылы ол бес рет өзгеріп, жыл соңына дейін рекордтық 16,75% деңгейінде орнатылды. Өткен тамыздан бастап реттеуші ақша-несие саясатын жеңілдетуге кірісті және ставканы бірнеше рет төмендетті. Қазіргі уақытта ол 15,25%-ды құрайды.

Ұлттық Банк келіп түскен экономикалық ақпаратты қадағалайды. Сондай-ақ базалық мөлшерлеменің кезең-кезеңімен төмендеуі жалғасатынын мәлімдеді. Дегенмен кідірістер болуы мүмкін. Сонымен қатар төмендеу циклі ұзақ болуы мүмкін. Өз кезегінде, Үкімет 2024 жыл ішінде инфляцияны 6-8%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуге ниетті.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деген болатын.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында жылдық инфляция төмендеп, алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп мәлімдеген.

Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжады. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде.

Инфляция екі есе төмендейді дегенімен, сарапшылар инфляцияның баяулауы – азық-түліктің арзандауы емес деп тұжырымдайды.  Бұған бір себеп – негізінен шикізаттық ел екеніміз болса, екінші себеп – Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырғанымыз.