Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Digital Almaty форумында сот процесіне қатысатын алқабилерді таңдайтын автоматтандырылған жүйе туралы айтты.
Қазақстанда сот талқылауларына қатысатын алқабилер тізімін қалыптастыру автоматтандырылған. Сот процесіне қатысатын үміткерлер берілген алгоритмдер көмегімен деректердің электронды базасынан алынады.
«Жоғарғы сот қажетті алқабилерді таңдап, оларды белгілі бір іріктеуден өткізіп, алқабилермен сот отырысын тағайындауға уақыт жоғалтатынын айтып, бізге осыған қатысты міндет қойды. Қазіргі таңда алқабилері автоматты түрде қалыптасады. Бұл процеске ешкім араласпайды», – деді Мусин.
Алқабилер тізіміне соттылығы өтелмеген, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе 25 жасқа толмаған азаматтар енгізілмейді.
Сонымен қатар судьялар, прокурорлар, адвокаттар, тергеушілер, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер алқабилер қатарына алынбайды.
Министрдің айтуынша, жүйе алқабилер алқасына үміткерлерді алдын ала «сүзіп» іріктейді.
«Жүйенің өзі big data алгоритмдерін пайдалана отырып, белгілі бір сот талқылауына кім қолайлы екенін анықтайды. Қазылар алқасы ретінде қатысуға ешқандай шектеулер жоқ. Лайықты деп таңдалған үміткерлерге сот отырысына қатысуға шақыру жіберіледі. Қазірдің өзінде осы жүйе арқылы айына 52 іс қаралады», – деп түйіндеді спикер.
Сондай-ақ форумда Мусин қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болатынын, жасанды интеллект eGov-қа енгізілетінін де мәлімдеген.
Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Жасанды интеллекті енгізу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мусин.
Қазір Назарбаев университетімен тап осы қазақстандық әзірлеу базасында gpt чат аналогын жасау үшін жұмыс басталған.
Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» VI жыл сайынғы форумы өтіп жатыр. Форум аясында еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылары, мүдделі министрліктердің өкілдері, сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналуда.
Digital Almaty – цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосатын жыл сайынғы халықаралық форум. 2023 жылы шараға ЕАЭО елдерінің мемлекет басшылары, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам спикер қатысты. Форумға қатысушылар цифрлық майнинг, мемлекеттік басқару, криптовалюта, білім беру және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылады.