Жаңалықтар

Қазақ тілінде сөйлейтін GPT: чат-боттың қазақстандық аналогы жасалып жатыр -Мусин

мусин
Қазақ тілінде сөйлейтін GPT чат жасалуда – Мусин / kursiv.media

Қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болады. Сонымен қатар жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жасанды интеллекті енгізу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мусин.  

Қазір Назарбаев университетімен тап осы қазақстандық әзірлеу базасында gpt чат аналогын жасау үшін жұмыс басталған.

«Бұл кейбір басқа әзірлемелерді пайдалану не қайта пайдалану емес. Біз Қазақстандық жасанды интеллектінің  өзіндік цифрлық шешімімен шығуын мақсат етіп отырмыз», – деді цифрлық даму министрі.

Сонымен қатар Мусин бұрын ақпараттық жүйені құру үшін бірқатар жұмыстарды атқару керек болғанын айтты. Ал, қазір цифрландырудың платформалық түріне көшкен.

«Мұны ресейлік әріптестерден көріп, екі жыл ішінде осы платформаны әзірледік. Бүгінгі күні Казтех платформасын жасадық. Платформаның бірінші кезеңі аяқталды», – деді.

Сондай-ақ осы платформаға жасанды интеллектің ұлттық платформасы орнатылады.

«LLM- large language modeling бойынша жұмыс аяқталғаннан кейін, осы жерге жасанды интеллект бойынша платформаны кіріктіреміз. Бұл бірыңғай толық цифрлық платформа болады»,– деді министр.

Осыған дейін, бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жарияланатынын мәлімдеген.

 Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» алтыншы жыл сайынғы форумы аясында еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылары, мүдделі министрліктердің өкілдері, сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналуда.

 Digital Almaty – цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосатын жыл сайынғы халықаралық форум. 2023 жылы шараға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекет басшылары, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам спикер қатысты. Форумға қатысушылар цифрлық майнинг, мемлекеттік басқару, криптовалюта, білім беру және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылады.