Mudarabah Capital ісі: қаржы пирамидасын құрғандардың жаза мерзімі өзгермеді

Жарияланды
приговор
Фото: shutterstock

Алматының апелляциялық сот алқасы Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрушыларға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпаратты Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі растады.

Қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталған еді. Оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар.

Сот үкімімен:
Алмас Құрманғалиев 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дания Рахимова 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ержан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ерлан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры) 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Андрей Ча 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Самат Қасенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Содан кейін сотталғандар Алматының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген. 2024 жылдың 1 ақпанында істі қараған сот алқасы бірінші инстанцияда шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Вайнерлер аппеляциялық сотқа шағымданды

Қаңтар айының ортасында Mudarabah Capital ісі бойынша сотталған вайнерлер – Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов аппеляциялық сотқа шағым түсірді.

«Іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр», – делінген баспасөз қызметінің «Курсив» тілшісіне берген жауабында.

Аппеляциялық шағымның нақты кімнен түскені де белгілі болды. Мейіржан Төребаевтың адвокаты Жанна Оразбақова өз қорғалушысының аппеляциялық шағым түсіргенін растаған.

Бір күдікті Бішкекте ұсталды

Ал жыл басында Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша Қазақстанда іздеу жарияланған Әділет Ораз Бішкекте ұсталды. Бұл туралы Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бішкекте бет-әлпетті тану функциясы бар сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен ТМД елдерінің бірінде іздеуде жүрген азамат анықталды. Бейнебақылау жүйесі оның қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін іздеуде жүрген адам екенін анықтады», – делінген ресми хабарламада.

Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217- бабы «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша іздеу жарияланған ер адам Бішкек қаласының бейнебақылау камераларына желтоқсан айының соңында түскен. Қырғызстан полициясы күдіктіні іздеп тауып, қамауға алған.

Естеріңізге салайық, 2022 жылғы 20 сәуірде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Тергеу барысында вайнерлердің қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, ортақ пайдадан үлес алып отырғаны дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың бас бостандығын 5 жылға шектеуді сұрады.

2023 жылғы маусымда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар 10 адам сотталды. 

Сондай-ақ оқыңыз