2023 жылы банк секторының активтері 51,4 трлн теңгеге жеткен
2023 жылы банк секторының активтері 15,4% өсіп, 51,4 трлн теңгеге жеткен. Оған негізінен несие портфелінің 23,1%-ға өсуі ықпал еткен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторының жай-күйіне шолуын жариялады.
Былтыр Қазақстандағы ЕДБ-нің өтімділігі жоғары активтері 15,1 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады. Бұл өз кезегінде банктерге міндеттемелеріне толық өтеуге мүмкіндік береді.
Қаржы ұйымдарының меншікті капиталы 2023 жылы 31,3% өсіп, 6,9 трлн теңгеге дейін жеткен.
«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,2%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.
2023 жылы ел тұрғындарының банктерде жинаған депозит көлемі 20,6%-ға өскен. Соның есебіннен банк секторының міндеттемелері де артып, (13,3%)44,6 трлн теңгені құрады. Өйткені банк міндеттемелерінің басым бөлігі 78,7 пайызы клиенттердің салымынан тұрады.
Экономикаға берген несие көлемі қандай?
Былтыр банктер несиені негізінен ұлттық валютада берген. Ресми дерек бойынша теңгелей берілген қарыз көлемі 92,3%-ды құрайды.
2023 жылы банктер 30 трлн теңгеден аса жаңа несие берген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық.
Соның ішінде заңды тұлғаларға берілген несие көлемі бір жылда 11,9%-ға 9,7 трлн теңгеге дейін артқан. Пайыздық мөлшерлеме жоғары екеніне қарамастан, экономикаға берілген кредит көлемі кейінгі 12 жылда барынша өскен. Оған бір жағы несие қабілетін бағалау процестерін цифрландыру, екінші жағынана ШОБ-ты қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар әсер еткен.
«Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2023 жылы 16,7%-ға 11,2 трлн теңгеге дейін өсті»,– делінген хабарламада.
2023 жылы дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне банктер 15,5 трлн теңге сомасына жаңа қарыз берген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22,1%-ға артық.
Ипотекалық несие беру азайды
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының талаптарын қайта қарау мен зейнетақы қорынан алынған қаржының азаюына байланысты, ипотекалық несие дүмпуі басылған. 2022 жылы ипотекалық несие беру бірден 42,4% өсімнен 14,9%-ға дейін немесе 5,4 трлн теңгеге дейін бәсеңдеді.
Есесіне тұтынушылық қарыз көлемі 2022 жылғы көрсеткіштен үштен бір есе өскен. Өсім 2023 жылы 34,1%-ды құрап, 10,3 трлн теңгеге дейін жеткен. Тұтынушылық несие берудің жедел өсуі бірқатар ірі банктердің бөліп төлеуді ұсынуына байланысты.
Бұған дейін банктердегі жинақтың қай түрі тиімді, депозит таңдағанда неге мән берген жөн екенін жазғанбыз.