Зейнетақы қорындағы қаражат қайда инвестицияланады: БЖЗҚ есеп берді
Қазіргі кезде зейнетақы қорында қазақстандықтардың 17 832,9 млрд теңге жарнасы жинақталған. Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 17 806 млрд теңгеден асқан. Ал жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтері – 26,9 млрд теңге. БЖЗҚ зейнетақы активтері қайда, қандай бағалы қағаздарға ивестицияланып жатқаны жайлы есебін ұсынды.
Ұлттық банктің зейнетақы активтерін инвестициялау саясаты қандай?
Қорда жинақталған зейнетақы активтерінің басым бөлігі Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген. Бас банк 17,83 трлн теңге активті түрлі акциялар мен облигациялар, депозиттер мен қолхаттарға инвестициялайды.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Ұлттық банк зейнетақы активтерін мынанадай бағалы қағаздарға салған:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 46,6%;
- квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,1%;
- ҚРҰБ депозиттері – 4,9%;
- Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары мен депозиттері – 5,9%;
- ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозиттік қолхаттары – 2%,
- МҚҰ – 2%.
2023 жылғы инвестициялық қызмет нәтижесінде жалпы 1,6 трлн теңге кіріс түскен.
Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайыз болды.
Алайда былтыр жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген активтердің табыстылығы Ұлттық банк басқаруындағы активтердікінен асып түскен.
ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарын инвестициялық портфелінің егжей-тегжей құрылымы мен инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған.
Қазіргі кезде зейнетақы қоры қаражатын Ұлттық банктен бөлек, 5 жеке ойыншы басқарады:
- Halyk Finance ( 13,8 млрд теңге);
- Jusan Invest (5,9 млрд теңге);
- Halyk Global Markets (3,2 млрд теңге),
- BCC Invest (2,9 млрд теңге);
- Centras Securities (1,02 млрд теңге)
ИПБ басқаруындағы қаражаттың жалпы көлемі – 26,9 млрд теңге.
Жеке басқарушы компаниялар қайда инвестициялайды?
Halyk Finance сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 13,8 млрд теңгені құрайды. Портфель құрылымындағы негізгі инвестициялар:
- «Кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 66,7%,
- Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 8,2%,
- шет мемлекеттердің МБҚ – 6,1%,
- ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 5,8%,
- Қазақстан Республикасы квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 3,9%,
- ҚР ҚМ МБҚ – 3,7%.
Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 84,2%-ы, АҚШ долларында -15,4%, евро валютасында 0,4% инвестицияланды.
Басқарушы компанияның инвестициялық қызметі нәтижесінде былтыр 328 млн теңге инвесттабыс есептелген. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2023 жылы 17,2%-ды көрсетті.
Jusan Invest-тің сенімгерлік басқаруына 6 млрд теңге актив берілген. Компанияның ең маңызды салымдары:
- Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 45,9%,
- Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 28,2%
- РЕПО – 7,9%,
- ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары- 7,2%,
- шет мемлекеттердің МБҚ – портфельдің 5,6%.
Айта кетейік, портфельдің 66,1%-ы теңгемен, 33,9%-ы АҚШ долларымен ұсынылған. Инвестициялық қызмет нәтижесінде, 2023 жылы есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 606,6 млн теңгені құраған. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,5%-ды көрсетті.
Өзге басқарушы компаниялардың көрсеткіші қандай?
Halyk Global Markets шамамен 3,2 млрд теңге активті басқарады.
Сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен – 3,2 млрд теңге. Компания өз басқаруындағы қаржыны:
- «кері РЕПО» (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 39,91%,
- ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 13%,
- МҚҰ облигациялары – 8,1%,
- шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар – 7,9%,
- шетелдік эмитенттердің үлестік құралдарына (ETF пайлары) – 8,5% бөлігінде салады.
Ұлттық валютадағы инвестиция портфельдің 73,1%-ын алса, АҚШ долларымен 26,9%-ды құраған. 2023 жылы есептелген инвестициялық кіріс мөлшері – 404 млн теңге. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 15,6%.
BCC Invest компаниясының сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері – 2,9 млрд теңге.
Инвестициялардың негізгі бағыттарының ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 24,7%, РЕПО – 28,5%, ҚР мемлекеттік облигациялары – 17,5%, пайлар (индекстерге арналған ETF) – 16,5%, АҚШ мемлекеттік облигациялары – 5%, МҚҰ облигациялары – 3%, ҚР резидент-эмитенттерінің корпоративтік облигациялары – 2,8%.
Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 71,5%-ы, АҚШ долларымен 28,5%-ы инвестицияланған. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде 2023 жылы есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 230,2 млн теңге болды. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 13,1% көрсетті.
Centras Securities 1 млрд теңге БЖЗҚ активін басқарады. Активтердің 33,9% мөлшері ҚР ҚМ МБҚ-ға инвестицияланса, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары – 19,3%, ҚР ЕДБ облигациялары – 16,5%, РЕПО – 8,6%-ды құрайды. ҚР ұйымдарының шығарған акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 8,2%, АҚШ мемлекеттік облигациялары – 7,9%, инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат – 2,6% деңгейінде.
Ұлттық валютадағы құралдарға портфельдің 74,2%, АҚШ долларымен 23,7%, Канада долларында – 2,1% инвестицияланды. 2023 жылы есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 105,3 млн теңге болған. Зейнетақы активтерінің кірістілігі – 10,7% көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға қалай аударуға болады?
2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы. Алайда ол кезде тек жинақтың жеткілікті шегінен асатын қаржыны ғана жеке компанияға сенімдерлік басқаруға беруге болатын.
Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілді. Бұл ретте «жеткілікті шек» деген шектеу жоқ. Оған қоса, жоғарыдағы жеке басқарушы компанияның біреуін өзі таңдай алады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш жазу керек.
Атап айтқанда, қазақстандықтар жинақтарының бір бөлігіне шағын және орта компаниялардың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға мүмкіндік берілді.
БЖЗҚ активтері есебінен сатып алуға болатын қаржы құралдарының қолданыстағы тізбесіне Қаржы министрлігі немесе Ұлттық банк шығарған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ Үкіметтің кепілдік етуімен шығарылған бағалы қағаздар кіреді.