Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында Басқарма төрағасының орынбасары ауысты

басқарма
ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары ауысты. Фото: ҚМГ

Нұрсейіт Союнов «ҚазМұнайГаз» ҰК (Самұрық-Қазынаның еншілес ұйымы) басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін осы қызметті атқарған Дәулетжан Хасанов 2024 жылдың 30 қаңтарынан бастап қызметінен кеткен. Ол ҚМГ-да мұнай барлау және өндіру блогына жетекшілік еткен.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігінің директоры лауазымындағы жұмысын да аяқтаған.

«Нұрсейіт Союнов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, сонымен бірге оған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі директорының міндеттері қоса жүктелді. Бұған дейін Н.Союнов «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директоры қызметін атқарған», – делінген хабарламада.

Нұрсейіт Союнов еңбек жолын 2001 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ оператор болып бастаған. Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған.

2023 жылдың қарашасында«ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің құрамы өзгерген. 2019-2023 жылдары Сенат депутаты болған Асқар Шәкіров ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор болып сайланды.

2022 жылдың соңындағы «ҚазМұнайГаздың» IPO-сы кезінде компанияның 3% акциясы сатылды.