ФРЖ басшының мәлімдемесінен кейін АҚШ қор нарығы құлдырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ФРЖ басшы
АҚШ қор нарығы құлдырады. Фото: Reuters

ФРЖ басшысы Джером Пауэллдің «Орталық банк наурыз айында ақша-несие саясатын жеңілдетуі екіталай» деген мәлімдесі АҚШ нарығының құлдырауына әкеп соқты. Нарықтағы акциялардың бағасы соңғы айлардағы ең төменгі көрсеткішін байқатты. АҚШ нарығының соңынан жапон нарығы да құлдырады.

Мәселенің мәні

Сәрсенбі күні S&P 500 индексі 1,6%-ға төмендеді, Financial Time басылымы бұл қыркүйек айының соңынан бергі ең үлкен бір күндік құлдырау деп жазады.

Ал технологиялық Nasdaq Composite 2,2%-ға төмендеген. Бұл – қазан айының соңынан бергі ең нашар көрсеткіш. Қаңтар айында S&P 500 индексінің рекорд орнатуына ықпал еткен «Үлкен жетілік» акциялары да арзандаған.

Ал бүгін АҚШ акцияларының ізін ала жапон акциялары да арзандады. Елдің Nikkei 225 биржа индексі сауда-саттықты ашқаннан бері 0,7% жоғалтты. Ал Topix индексі 0,6% кеміді. Қаңтардың басында Nikkei 225 және Topix 1990 жылдан бері жаңа ең жоғары деңгейге жеткен. Ал Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,7%-ға көтерілді. Гонконгтың Hang Seng индексі 0,1%-ға, ал Қытайдың CSI 300 индексі 0,5%-ға төмендеді.

ФРЖ мәлімдемесі

Федералды резерв жүйесі кеше өзінің пайыздық мөлшерлемесін 5,25%-5,50% диапазонында сақтап қалды. ФРЖ төрағасы Пауэллдің сөздері Уолл-стрит үшін күтпеген жайт болды. Ол «наурызда пайыздық мөлшерлемені төмендету екіталай» деді.

«Наурыз айындағы отырыс кезінде комитет (АҚШ Федералдық ашық нарық комитеті) наурызды мөлшерлемені төмендететін уақыт ретінде анықтау үшін өте сенімді болуы керек», – деді ФРЖ басшысы.

АҚШ экономикасының күші мен соңғы айлардағы инфляцияның төмендеуі нарықтың ФРЖ осы көктемдегі келесі отырысында мөлшерлемені төмендетуге кірісуі мүмкін деген үмітін арттырған еді. Бірақ ФРЖ төрағасы орталық банк ондай қадамға баруы үшін нақты сенімді болуы қажет екенін айтты.

Сейсенбі күні АҚШ қор нарығы аралас көрсеткіш байқатқан. JOLTS есебіне сәйкес, бос жұмыс орындары күтпеген жерден 9 миллионға дейін өскен. Бұл ФРЖ базалық мөлшерлемені 25 б/п төмендетеді деген болжамның орындалуына кері әсер етуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз