«Өзен» кен орнында жұмысшы қаза тапты
Жаңаөзеннің «Өзен» кен орнында жұмысшы қаза тапты. Бұл жайлы «Өзенмұнайсервис» ЖШС-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылы 27 қаңтарда «Өзен» кен орнындағы ұңғымалардың бірінде күрделі жөндеудің түнгі ауысымында жазатайым оқиға болып, мердігер компания – «МұнайСпецСнабКомпани» ЖШС жұмысшысы қаза тапты»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Компанияның хабарлауынша, оқиғаның мән-жайын және себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Бұл жағдай жұмыс беруші компания «МұнайСпецСнабКомпани» ЖШС мен «Өзенмұнайсервис» ЖШС басшылығының ерекше бақылауына алынған.
«Басты міндеттеріміздің бірі – өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен амандығы. Барлық персонал еңбекті қорғау және өнекәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша тиісті оқудан өтіп, олардың білімі үнемі тексерілетінін атап өткен жөн»,- деп мәлімдеді компания.
«МұнайСпецСнабКомпани» ЖШС қаза болған жұмысшының отбасына қажетті материалдық көмек көрсететіні айтылған.
Еске сала кетсек, 6 қарашада «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты. Өкінішке қарай, мұндай жазатайым оқиғалар «Қазақмыс» кеніштерінде жиі болады. Мәселен, екі апта өткен соң, 22 қараша күні «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғадан тағы бір адам көз жұмды.
Бұған дейін, Қазақмыс» компаниясына қарасты «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алғаны хабарланған еді. «Стакер» жетек барабанын апаттық жөндеуге 6 қызметкерден тұратын бригадаға жазбаша нұсқау берген еді. Стакердің таспалы конвейерінің роликтерін тексеру кезінде жұмысшылар Стакер алаңымен бірге кен үйіндісіне құлаған болатын.
Ал 26 қараша күні сағат 18:30-да «Қазақмыстың» «Шығыс Сары-Оба» кенішінің учаскелерінің бірінде жерастында өздігінен жүретін машина 1992 жылы туған машинисті абайсызда қағып кеткен. Нәтижесінде қызметкер алған дене жарақаттарынан қайтыс болған.
2023 жылдың желтоқсан айында өткен Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану 3 есе артқанын айтты. Қазақстанда жылына 2 мыңға жуық адам өндірісте жарақат алса, 200-ден астам азамат қайтыс болады екен.
«Қазақмыс» компаниясында биыл өндірістік жарақаттану былтырмен салыстырғанда 3 есе өскен. Ал бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» адам өліміне алып келген жағдайлар саны 7 есе өскен.