Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылығы төмендеп кетті – Мәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев еліміздегі білім сапасының нашарлап кеткенін айтты. Әсіресе, балаларда оқу сауаттылығы төмен деңгейде.
Сенат төрағасының айтуынша, еліміздегі мектеп оқушыларының білім нәтижелері басқа елдермен салыстырғанда 3 жылға артта қалған.
«2023 жылдың желтоқсан айында PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) бойынша нәтижелерін алдық. Сонда байқағанымыз біздің мектеп оқушыларымыздың нәтижелерінің өсу динамикасы көңіл көншітпейді. Тіпті кей салаларда жағдайдың тым нашарлап кеткенін көруге болады. Әсіресе, оқу сауаттылығының жағдайы ерекше алаңдатады. Оның үстіне біздің мектеп оқушылары ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан үш жылға артта қалып қойған. Бір қарағанда оқу сауаттылығы сондай маңызды дүние емес секілді. Бірақ бұл – жүйелік проблемаларды көрсетеді», –дейді Әшімбаев.
Сенат төрағасы балалардың оқу сауаттылығының төмендеуіне әлеуметтік желілердің өз үлесін қосып жатқанын атап өтті. Мұндай үрдістің болашақта кәсіби, білікті ұрпақты жоғалтып алуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Қазіргі балалардың әлеуметтік желілер, TikTok пен YouTube-ті көп қызықтайтынын көріп жүрміз. Иә, заман талабы болған соң, бұл да жақсы шығар. Бірақ оның салдары бар. Соларға қызыққан оқушылар кітапты аз оқитын болған. Маңызды, көркем әдебиет аз оқылады. Нәтижесінде олар болашақтағы өмірі үшін өте маңызды дағдыларды жоғалтып алады. Егер адамда, оқу қабілеті дамымаса одан жақсы маман, білікті кәсіп иесін қалыптастыру өте қиын болады. Шындығында, бұл кейінгі ұрпақтан айырылып қалуымызға әкеліп соғуы мүмкін, теріс үрдіс», – деді сенат спикері.
Әшімбаев мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге Сенат комитеті алдағы уақытта осы мәселелерді күн тәртібіне салып талқылайтынын жеткізді. Ал жауапты министрлікке осы проблеманың шешімін табуды ұсынды.
«Білім министрлігі тарапынан арнайы бағдарлама қажет. Екіншіден, PISA нәтижелері бар. Біз олар ұсынған рейтингтті алдық. Енді ары қарай не істемек керек? Бәрі сол күйінде қала ма? Әлде нәтиже шығарып, олқылықтарды түзеу керек пе? Осыдан қорытынды шығарып, қандай да бір іс-қимыл жоспарын жасауымыз керек. PISA-ны білім деңгейін көрсететін құрал деп қарасақ, бізге сондағы көрсеткіштерді түзеу, жағдайды өзгерту үшін қандай да бір қадамдар жасак керек қой. Осыған байланысты мәселелерді біздің Сенат комитеті алдағы уақытта талқылайтын болады. Халықаралық зерттеулердің мұндай нәтижелеріне мән беруіміз керек. Бұл – маңызды», – деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Сенат бала қауіпсіздігі мен елдегі білім сапасын жақсарту жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Заңға сәйкес, білім сапасының нашарлап кетпеуі үшін оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға да шектеу енгізіледі. Сондай-ақ 1-сыныпқа балалар тестілеусіз қабылданады. Заңда балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар қарастырылған.
Бұл орайда жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар да назарадан тыс қалмады. Заңға сәйкес арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуы үшін арнайы тәлімгер қызметі енгізіледі. Ол адам балаға жеке қолдау мен көмек көрсетеді. Бұл норма балаларды толыққанды әлеуметтендіруге, психологиялық қолдауға және әлеуметтік қорғауға ықпал етпек. Заңда тәлімгерлерге қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді.