Ресей цифрлық даму министрі Қазақстанның қай тәжірибесіне қызығады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ресей цифлық даму министрі Қазақстанда биометрия тәжірибесіне қызығады / shutterstock

Қазақстанның цифрлық дамудағы кей тәжірибесін Ресей көшіріп алуды қалай ма? Ресей цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Максут Шадаев Kursiv тілшісіне осы туралы айтып берді.

Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумына қатысқан Ресей министрі Қазақстандағы цифрлық өзгерістерді мұқият бақылап отырғанын атап өтті. Екі ел арасында өзара тәжірибе алмасу кейстері болғанын жеткізді.

«Қазақстанда қазір жақсы жұмыс істеп жатқан тамаша кейстер бар.  Біз оларға мән беріп қарап отырмыз. Және алдағы уақытта өзімізге көшіріп алуды да жоспарлап отырмыз», – деді Шадаев.

Ол Ресейдің әсіресе Қазақстандағы биометриялық жүйе көмегімен жасалып жатқан өзгерістерді мұқият бақылап отырғанын айтты.

«Оларда (Қазақстанда – ред.) Цифрлық ID жүйесі бар. Цифрлық паспорт жүйесі толыққанда іске қосылған. Биометриямен байланысқан цифрлық пластикалық карта бар. Осы жағынан Қазақстанда биометрия терең еніп кеткен. Және оны кең қолданып келеді. Өз ерекшеліктерімізге байланысты осы жүйені енгізу туралы жоспарымыз бар», – деп жауап берді Ресей министрі Kursiv журналисінің сауалына.

Бұдан бөлек, министр RU доменінің уақытша өшіп қалуына қатысты пікір білдірді. Ресейлік құзырлы ведомствоның осыған байланысты атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты. Министрдің сөзінше RU домені қазір жұмыс істеп тұр. Ал тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 

«Қазір тексеріп жатыр. Қорытынды шешімді тек тексеру соңында айта аламыз. Әзірге нақты себептері туралы айту ерте», – деді Шадаев.

Осыған дейін қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болатынын жазған едік. Сонымен қатар, жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мүдделі министрліктердің өкілдері, сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналуда.

Digital Almaty – цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосатын жыл сайынғы халықаралық форум. 2023 жылы шараға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекет басшылары қатысты. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам спикер келді. Форумға қатысушылар цифрлық майнинг, мемлекеттік басқару, криптовалюта, білім беру және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ оқыңыз