Ұлттық қордан балалардың шотына түскен қаржы уәде етілген сомадан неге кем – Қаржы министрлігі жауап берді

Жарияланды
балалардың шотына
Балалардың шотына 100 доллар 52 цент түскен / Фото: shutterstock и freepik

Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков не себепті балалардың шотына алғашқыда есептелген жарна 160-170 доллар көлемінде емес, 100 доллар ғана түскенін түсіндіріп берді.

Алдын-ала есептеулерге сәйкес балалардың шотына 160-170 доллар көлемінде қаражат келіп түсуі керек болған. Журналистер Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтен мұның себебін сұрады.

«Біздің есептеуіміз бойынша 160 доллар деп айтылған. 2022 жылғы 1 қарашада президент тапсырма берген кездегі есептеулер бойынша сондай қаражат бөлінуі керек болған. Ол кезде балалардың саны 6 млн 400 мың болатын. Бүгінде еліміздегі балалар саны – 6 млн 917 мың болған. Сол есеп бойынша бүгінде бөлініп жатқан қаражаттың сомасы 695 млн долларды құрайды. Осы соманы 9 млн 919 мың 131 балаға бөлсек, сонда 100 доллар 51 цент шығады»,- деді вице-министр.

Темірбеков бұл бағдарламаның барлық артықшылығына 18 жыл бойы жарнасы толық жиналған балалардың ие болатынын айтты.

Журналистер вице-министрден үкіметтің неге бұлай қателескен себебін білмек болып: «сонда, әу баста балалар санының өсімі есепке алынбады ма?» деп сұрады.

«Негізінен халықтың өсімі 400 мың адам болады деген болжамдар болды. Келесі жылы да халық саны артады. Осыған сәйкес біздің алдымызда инвестициялық кірісті арттыру міндеті тұр. Бастапқыда оның көлемі 3,5 мың доллар мөлшерінде болады деп есептелген»,- деді министрлік өкілі.

Еске сала кетсек, бүгін балалардың есепшотына Ұлттық қордан алғашқы жарна түсті.

БЖЗҚ хабарлауынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысушы ретінде тіркелген. Барлық балаға қаражат тең бөлінген. Қазіргі уақытта әрбір баланың шотына Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 цент түскен.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар бұл қаражатты осы жылы алады.

Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтынан, баланың ЖСН бойынша тексере алады. Сондай-ақ ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен тексеруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз