Оқушыларға сабақта ұялы телефон ұстауға тыйым салынады – Сенат заңды мақұлдады
Сенат депутаттары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және білім сапасын көтеруге қатысты Заң жобасын мақұлдады.
Бұл өзгерістерге сәйкес, құрылысшыларға қатысты талап күшейеді. Тұрғын үйлер денсаулық сақтау және білім беру объектілері жанында салынуы керек. Олай болмаған жағдайда көппәтерлі тұрғын үйлер салуға тыйым салынады. Сондай-ақ терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнату міндеттеледі.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында терезе ойықтарын қауіпсіздік құлыптарымен міндетті түрде қамтамасыз ету бойынша заңнамалық талаптар белгіленеді. Сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру объектілерін орналастыруды есепке алмай көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады»,- деді депутат Алтынбек Нұхұлы.
Сонымен біге заңда білім саласын жетілдіру мәселесі көзделген. Оған сәйкес жергілікті әкімдіктерде білім беру сапасын қамтамасыз етуге тартылады. Олар өз аумағындағы білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеп және оны мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер тиісті аумақта білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауын міндеттейтін және апаттық жағдайға жол бермеу үшін сейсмикалық орнықтылығын арттыру мақсатында олардың жай-күйін бес жыл сайын бақылап отырады.
Балалардың қауіпсіздігін сақтауға жан-жақты көңіл бөлінеді
Білім сапасының нашарлап кетпеуі үшін оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға да шектеу енгізіледі. Сондай-ақ заңда бірінші сыныпқа балаларды тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар көзделген.
Сонымен бірге арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуы үшін арнайы тәлімгер қызметі енгізіледі. Ол адам балаға жеке қолдау мен көмек көрсетеді. Бұл норма балаларды толыққанды әлеуметтендіруге, психологиялық қолдауға және әлеуметтік қорғауға ықпал етпек. Заңда тәлімгерлерге қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері белгіленеді.
«Заңның негізгі мақсаты білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнамаларды одан әрі жетілдіру болып табылады. Тәлімгерлік институтын енгізу еліміздегі жетім балаларды қолдау мен қорғау бойынша маңызды қадам. Бұл институт қоғамның кәмелетке толған азаматтардың жеке қолдауы мен тәлімгерлігін ұсыну арқылы ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалардың дамуы мен интеграциясы үшін қолайлы жағдайлар жасауға деген ұмтылысын көрсетеді. Осы бастаманы енгізу әр баланың жеке тұлғаны қалыптастыру процесінде қамқорлық, олардың сәтті бейімделуіне және болашақ әл-ауқатына жақсы ықпал етеді»,- деді сентатор Талғат Жүнісов.