Цукерберг Мeta дивидендтерінен жылына 700 миллион доллар табыс табады

Жарияланды (жаңартылды )
Марк Цукерберг Мeta дивидендтерінен жылына 700 миллион доллар табыс табады/Фото:shutterstocks

Meta компаниясының бас атқарушы директоры және негізін қалаушы Марк Цукерберг биылғы жылы дивидендтер төлемдерінен шамамен 700 миллион доллар алады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Бір күн бұрын Мeta компаниясы тоқсандық дивидендтерін бір акция үшін 50 цент деп жариялады.

Bloomberg хабарлауынша, Цукерберг компания акцияларының шамамен 13%-на иелік етеді. Сондай-ақ оның дивидендтерден түсетін кірісі салық салынғанға дейін бір тоқсанда 175 миллион долларды құрайды.

Айта кетейік, қаржылық көрсеткіштерді қалпына келтіру, 21 мыңға жуық қызметкерді жұмыстан шығаруды қоса алғанда, шығындарды қысқарту бойынша ауқымды шаралардың арқасында соңғы 12 айда компания акциялары екі еседен астам қымбаттады.

Кәсіпкердің байлығы 2022 жылы 125 миллиард долларға бағаланды. Ал 2023 жылғы деректер әлі нақты келтірілген жоқ.

Кәсіпкер және оның жұбайы Присцилла Чан осыған дейін қаражатының 99% -ын қайырымдылыққа жұмсайтындарын айтты. Олар құрған қайырымдылық қорлары теңдік, түрлі аурумен күресуге, қол жетімді тұрғын үй салуға және басқа да бастамаларға бағытталған.

Еске сала кетсек, кәсіпорын алгоритмдері жетілдірілген жаңа жасанды зердені іске қосады деп хабарлаған едік.

Компания «Үлкен тіл моделі» деп аталатын жасанды интеллектің жаңа жүйесін әзірлеп жатыр. Компания жаңа жүйені оқтуды 2024 жылдың басында бастайды. Бұл жүйе әлемдегі жасанды интеллектің озық үлгісіне айналмақшы. Сарапшылар да бұл өнімнің алдағы жылдары нарықтағы үлесі жоғары болатынына сенімді.

Сондай-ақ Цукерберг жаңа жүйе кодының ашық болғанын, осылайша жасанды интеллект мүмкіндіктері үшінші тарап компаниялары үшін де қолжетімді болуын талап етіп отырғаны хабарланған.

Bloomberg Billionaires Index (BBI) рейтингінің деректері бойынша 2023 жылдың қаңтарынан бастап әлемдегі ең бай он кәсіпкердің жалпы байлығы 420,5 миллиард долларға артты.

Бұл рейтинг кәсіпкерлер иелік ететін компаниялардың акцияларының құны негізінде есептеледі.

Былтыр жетінші орында тұрған meta компаниясының басшысы Цукерберг рейтингтің оныншы сатысына түсті. Оның байлығы 108 миллиард долларды құрады. Яғни оның жыл басынан бері қалтасы 62,1 миллиард долларға қалыңдады деп хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз