Ресейдің Қазақстандағы елшілігі қазақстандық төрешіге тіл тигізген Ресей жаттықтырушысын айыптады
Ресейдің Қазақстандағы елшілігі қазақстандық спорт төрешісіне тіл тигізген ресейлік медиа футбол жаттықтырушысы Дмитрий Кузнецовты айыптап отыр. Дипломаттар жаттықтырушының ресми тұлға емес екенін ескеруді сұрайды. Сондықтан олардың айтуынша, бұл Ресей халқының қазақстандықтарға деген көзқарасын білдірмейді.
«Желіде жарияланған ресейлік 2Drots футбол Медиалигасы командасының жаттықтырушысының Қазақстаннан келген төрешілерге тіл тигізуі, өте ерсі мінез-құлық таныту болып табылады»,– делінген хабарламада.
Елшілік Ресей Медиалигасы командаларының тәлімгерлерінің ресми мәртебесі жоқ екенін, сондықтан олардың ерсі қылықтарын Ресей халқының ұстанымының көрінісі деп санау «дұрыс емес» екенін атап өтті.
Сондай-ақ дипломаттар ҚР азаматтарынан қазақстандықтарға қатысты ресейліктердің мұндай риторикасы «репрезентативті» деп ойламауды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Қостанайда Қазақстан мен Ресей командалары арасында өткен футбол лигасының медиа матчының видеосы тарады. Сол кезде Ресейлік жаттықтырушы Дмитрий Кузнецов қазақстандық судьяның шешімімен келіспей, оған ұлттық негізде тіл тигізді.
Айта кетейік, бұған дейін де осыған ұқсас жағдай болған.
Еске сала кетсек, Тина Канделаки өзінің телеграм арнасында Қазақстанда орыс тіліне қысастық жасап жатқанын жазды. Ол орысша атаулардың қазақшаға бұрмаланып жатқанын теріс құбылысқа балады.
«Қазақстанда мемлекеттік деңгейде орыс тілі ақырындап ығыстырылып жатыр. Республиканың Көлік министрлігі бірнеше теміржол станцияларының атауын өзгерткісі келеді. Атап айтқанда, «Урал» станциясы «Оралға», «Узень» – «Жаңаөзенге» ауыстыралады. Біз Балтық бойы елдерінің тәжірибесінен, мұның өте қауіпті үрдіс екенін білеміз. Мұнда да бәрі ұсақ-түйектен басталып, кейін үлкен проблемаға айналды: орыс мектептері жабылды, кеңестік ескерткіштер жойылды, орыс тіліне тыйым салынды», – деп жазды Канделаки.
ТНТ басшысының бұл сөзі қазақстандықтардың қарсылығына тап болды. Тек қазақтар ғана емес, Қазақстанда тұратын орыстар да өз қарсылығын білдіріп, тілге қатысты ешқандай кемсіту көрмегенін айтып видео-үндеу жариялай бастады. Әртіске жауап бергендер қатарында Динара Сәтжан да бар.
Ол Тинаға берген жауабында Қазақстанның тәуелсіз ел екенін еске салды. Ол Тинадан бір мемлекеттің ішкі шаруасына араласпауды ескертті. Теміржол станциясын қалай атайтынын мемлекет өзі шешетінін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан туралы жайсыз пікір қалдырған Тина Канделакиге қатысты Сыртқы істер министрлігі тарапынан қандай да бір шара қабылдана ма? ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров өткізген брифингте журналистер осы жайында сұрады.
Айбек Смадияровтың айтуынша, мемлекет жекелеген адамдардың мұндай мәлімдемелерінің барлығына ресми жауап бере бермейді.
«Қоғам өзі жауап берді ғой. Көрдіңіздер ғой, бір апта қызу талқыланды ғой. Өз есесін алды ғой»,– деді СІМ ресми өкілі.
Дегенмен көршілес мемлекеттегі танымал тұлғалардың біздің еліміз жайлы аз білетініне қынжылатынын да жасырмады.
«Ең өкініштісі, біз туралы ақпарат оларда дұрыс емес, біздің елге келіп көрсін қалай өмір сүріп жатқанымызды», – деп қосты спикер