Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті

Украина Фото: shutterstocks

Украина тарапының бастамасы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

«Әңгімелесу барысында Украинаның Президенті Қазақстанның қоғамдық ұйымдары арқылы еліне көрсетілген гуманитарлық көмегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ таяуда Давоста (Швейцария) 80-нен астам елдің өкілдері қатысқан «бейбітшілік формуласы» атты кездесудің қорытындысы және Швейцарияда өтетін кезекті жаһандық саммитке дайындық барысы жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Ол 2 ақпанда Киевте мәжбүрлі түрде қоныс аударған украин балаларын қайтару жөніндегі халықаралық отырыс өтіп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар мемлекет басшылары Қазақстан мен Украина арасындағы гуманитарлық, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

Еске сала кетсек, Зеленский Давоста «Бейбітшілік формуласын» таныстырды: Мәскеу оның шарттарымен келіспеген деп хабарладық

New York Times  Зеленский Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға барғанын хабарлады. Украинадағы шиеленіс тынбай, майдандағы жағдай өзгермегендіктен, саясаткер Швейцарияға дипломатиялық дискуссияда бейбіт келісім мүмкіндігін қарастыруға келген.

Қаржы мен бизнес әлемінің элитасы бас қосатын жиында Зеленский «Бейбітшілік формуласы» деп атаған бастамасын таныстырды. Бұл бастаманы бүгінге дейін ондаған мемлекет қолдап үлгерген. Дегенмен ондыққа Ресей кірмепті. Яғни Мәскеу оның шарттарын қабылдамады. Сонымен қатар Ресей ресми емес өкілдері арқылы Владимир Путиннің атысты тоқтату туралы келісімге әзір екенін жеткізді. Алайда Украина түбегейлі шешімі жоқ уақытша келісімдерді қанағат тұтпайтынын мәлімдеді. Өйткені Украина Ресей мұндай уақытша паузаны қайта топтастыру мен жаңа шабуылдарды жоспарлау үшін қолдануы мүмкін екенін айтады.

Швейцария украиналық жоспарды назарға алып, маңыз беруге келісті. Тіпті ел президенті Виола Амхерд Зеленскиймен кездесуден кейін, биыл «Бейбітшілік формуласын» қолдайтын елдер саммитін ұйымдастыратынын  хабарлады.

Зеленский өткен айда жоспарды қолдаған елдердің басшыларымен кездесті. Кейін делдалдар арқылы Ресейге ұсыныс жолдап, серіктестікке келісетінін хабарлаған-ды. Ал бұған дейін мемлекет территориясы толық босатылмай келісімге келмейтінін мәлімдеді. Қазір Ресей Украина жерінің 20 пайызын оккупациялап отыр.

Зеленский Давоста өткен ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілер конференциясына 83 ел қатысқанын хабарлады. Онда бейбіт келісім ұсынысының соңғы нұсқасы талқыланған.