Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Президенттің айтуынша, басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді.
Президент 1913 жылы, дәл осы күні, еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көргенін атап өтті.
«Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келетініне тоқталды.
«Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!»,– делінген құттықтауда.
Қазіргі кезде Қазақстанда «Масс-медиа туралы» заң тақыланып жатыр. Қазір Мәжілістің бірінші оқылымы өткен, алдағы уақытта екінші оқылымда талқыланады. Заң жобасы көктемге дейін қабылданады деген болжам бар. Алайда журналистер қауымы «Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұраймыз» деп мәлімдеді.
Өйткені заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлатады. Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың жабылуына алып келеді.
Мәселен, депутат Никита Шаталов желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін «интернет-басылымдар» деген бірыңғай түсінікке біріктіруді ұсынған. Медиа сарапшылар мұндай өзгеріс ақпарат агенттіктерінің жойылуына жол ашатынын айтады. Сондай-ақ интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде тіркеуден өткізіліп, есепке алынады.
Оған қоса, жаңа өзгерістерге сәйкес, шетел басылымдарының журналистері акредитация өтпесе кәсіби журналистикамен айналыса алмайды. Егер Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, СІМ аккредитация бермеуге құқылы.
«Құқықтық медиа-орталығының» өкілі Диана Окремова «Масс-медиа туралы» Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобында БАҚ өкілдері бар екенін, бірақ онда журналистердің құқы лайықты деңгейде ескерілмейтінін айтады.
Осы ретте Азаттық» радиосының 36 журналисті биыл аккредитациядан өте алмаған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Азаттық» радиосының журналистері БАҚ-қа қатысты заңнаманы бұзған деп мәлімдеді.
kursiv.media сайты «Азаттық» радиосының журнаистерінің аккредитациядан өте алмауына қатысты Сыртқы істер министрлігіне осы аптаның басында сауал жолдады. Әзірге ведомства тарапынан ресми сауалға жауап берілмеді.