«Ұлттық қор – балаларға»: Есепшотқа түскен қаржыны депозитке салуға бола ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
"Ұлттық қор - балаларға"
Есепшотқа түскен қаржыны Ұлттық банк басқарады. Фото: kursiv.media

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында еліміздегі 6,9 млн баланың есепшотына 100,5 доллардан түсті. Жалпы сомасы –  695 млн доллар. Бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болады. Есепшоттағы қаржыны депозитке салуға немесе уақытынан бұрын шешіп алуға мүмкіндік жоқ.

БЖЗҚ баспасөз қызметінің kursiv.media-ға берген жауабына сәйкес, осы қаржының инвестициялық табысы қаржы нарығының және инвестицияланған қаржы құралдарының жағдайына байланысты болады.

Сондықтан «инвестицияланған қаржы мынанша инвесттабыс әкеледі» деп нақты айту қиын. Есептелген табыс баланың есепшотына автоматты түрде түседі.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысатын 6,9 млн баланың ішінде 304 мыңдайы биыл 18 жасқа толады. 2024 жылы 18-ге келетін балалардың есепшотына түскен қаржы инвестицияланбайды.

2006 жылдан кейін дүниеге келген бүкіл бала 18 жасқа толғанша, жыл сайын Ұлттық қор инвестициялық кірісінің 50 пайызын алып отырады. Бар балаға есепті жыл үшін бірдей сома есептеледі.

Оны кәмелеттік жасқа толғандар білімге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады.

Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, бұл жобаға туғаннан қатысқан бала 18-ге толғанша, оның есепшотында 3,5 мың доллар жиналуы тиіс.

«Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі»,– делінген қор хабарламасында.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған. Президенттің ұсынысы биыл жүзеге асып, Қазақстан балаларының есепшотына алғашқы жарна түсті.

Баланың бағдарламаға қатысқанын және қанша ақша есептелгенін ата-анасы kids.enpf.kz сайтынан тексере алады. Сайтта баланың ЖСН номерін теру керек. Сондай-ақ есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинеттен де көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз