Жер сілкінісі кезінде неліктен IPhone қолданушыларына хабарлама келмеді?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жер сілкінісі кезінде неліктен IPhone қолданушыларына хабарлама келмеді?/ коллаж kursiv.media

Қырғызстан министрлер кабинеті басшысының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев жақында болған жер сілкінісі кезінде IPhone қолданушыларға хабарлама неге келмегенін түсіндірді.

«Неліктен (жер сілкінісі туралы – ред.) хабарлама IPhone смартфонына келмеді. Мен IPhone ұстаймын. Біз жағдайды анықтадық. Apple компаниясы біздің елдерді табиғи апаттар туралы хабарлама жіберу елдерінің қатарына қоспаған екен. Жәй ғана бір функция болғанымен, бұл көптеген адам өмірін құтқарып қалуы мүмкін»,– деді Касымалиев. 

Ол ЕАЭО елдеріне Apple, Google және Microsoft сынды ірі технологиялық компаниялармен байланыс орнату қажет екенін атап өтті.

Касымалиевтің айтуынша, Қырғызстан-Қытай шекарасында болған жер сілкінісі туралы хабарлама Android смартфонын қолданушыларға Қырғызстанда жер сілкінісіне 1 минут қалғанда келген. Бұл тұрғындардың үйден қашып шығуына немесе қауіпсіз орынға жайғасуына жеткілікті болған.

Бұдан бөлек, Қырғызстан өкілі өзінің баяндамасын таныстыру кезінде жасанды интеллект көмегіне жүгінді. Ол баяндамасын оқығанда, жасанды интеллект баяндама мазмұнына сай презентацияны әп-сәтте даярлап, тікелей экранға шығарып отырды.

Еске салар болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Алматыда Digital Almaty форумы аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтуде. ЕАЭО құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресей кіреді.

Қазақстан не ұсынды?

Осыған дейін Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов ЕАЭО елдеріне орталық цифрлық платформа құруды ұсынғанын жазған едік.

«Технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілердің жаңа технологияларға қол жеткізуіне мүмкіндік береді», – деді Смайылов.

Айта кетейік, Цифрлық даму, аэроғарыш және инновация министрі Бағдат Мусин Қазақстан ШЫҰ елдерімен бірігіп, ел аумағынан зымыран ұшыру жобаларын талқылауға дайын екенін айтқан.

Digital Almaty 2024 аясында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының цифрлық форумында Бағдат Мусин Қазақстанның ұйымға мүше елдерге ұсыныстарын таныстырып өтті.

Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мүдделі министрліктердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналған. 

Сондай-ақ оқыңыз