Freedom Telecom ұшақтағы интернет жобасына рұқсат алды

Жарияланды
Freedom Telecom ұшақтағы интернет жобасына рұқсат алды/kursiv.media

Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумында Freedom Telecom Holding CEO-сы Қайрат Ахметов мәлім етті.

«Біз желіні нөлден бастап салғымыз келеді. Иә, елімізде үш оператор бар. Оның екеуі әзірге мемлекеттік. Олар негізгі мемлекеттік оператордың желілеріне жұмыс істейді. Сондықтан бізге өз тәсілдерімізбен, жеке акционерлік құрылымымызбен барлығын жаңадан бастаған тиімді. Бізде әлі жиілік жоқ. Сондықтан қазір допсыз «ойнап» жүрген спортшыдаймыз. Бүгінде оптика салып, B2B интернетті кеңселерге, заңды тұлғаларға сатудамыз. Бір сөзбен айтқанда, заманауи 5G операторы жұмыс істей алатындай мықты іргетас қалап жатырмыз», – деді Freedom Telecom Holding CEO-сы.

Осы ретте ол холдингтің жұмысындағы негізгі бағыттарды атады.

«Бүгінде мәселе LTE мен 5G-дің радиоспектральді тиімділігінде емес. Ол халық пен тұтынушылардың тығыздығында. Әрине, 5G-дің мүмкіндігі зор. Тығыздығы жоғары залдарға сауда орталықтарында қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа да көптеген бағыттарға назар аударамыз. Оның ішінде, концерттік алаңдардағы, адам көп шоғырланатын жерлердегі wifi да бар. Сонымен қатар Air-to-ground, яғни ұшақтағы интернет пилоттық жобасына рұқсат алдық», – деді Қайрат Ахметов.

Егер холдинг әуе компанияларымен келісімге келсе, олардың ұшақтарын жабдықтап, Алматы-Астана бағытында маршрут құруды көздеп отыр.

«Бұған қоса Data орталықтар нарығына кіре бастадық. Бұл да телекоммуникация саласындағы маңызды оқиға. Кей нарықтарда Data орталықтар телекоммуникация саласынан бөлек дамиды.. Еліміздегі қаржы технологиялары мен Egov-тың дамуын ескере отырып, Қазақстан телекоммуникация бойынша ТОП-10-дыққа кіргенін қалаймыз», – деп қорытындылады Қайрат Ахметов.

Жиында ҚР ЦДИАӨ министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов елімізде интернетпен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығын интернетпен қамту бойынша жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 5G-ге қатысты 3,5 мың базалық станса салу туралы тапсырмасының мерзімі қысқарды. Енді бұл тапсырма 2025 жылға дейін жүзеге асырылуға тиіс», – деді Комитет басшысы.

Ал БҚДА төрағасының орынбасары Болат Самбетов телекоммуникация саласында қызмет сапасы жоғары, баға төмен болу үшін бәсекелестікті арттыру керек деп есептейді.

«Былтыр байланыс нарығына зерттеу жүргіздік. Сол зерттеу барысында бұл нарықта бәсекелестіктің төмен екенін байқадық. Нарықтағы үш оператордың екеуі, расымен мемлекеттік. Оларға 63 пайыз тиесілі. Осының барлығы саланың дамуына кедергі келтіреді. Бұған дейін бір операторды бәсекелес ортаға шығару туралы ұсыныс айтттық. Салада бәсекелестік жоғары, мемлекеттің қатысуы төмен болғаны жақсы. Тек сонда ғана сапа жоғары мен баға төмен болады», – деді бойынша Агенттік төрағасының орынбасары.

Қазақстанда Аir-to-Ground (A2G) технологиясы бойынша ұшақтарда интернет пайда болуы мүмкін екенін жақында жазғанбыз. Freedom Telecom Цифрлық даму министрлігінен тиісті рұқсат алған.

A2G технологиясының көмегімен жолаушылар ұшу кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалана алады. Сондай-ақ өз құрылғыларынан браузерде әртүрлі парақшаларды ақтара алады. 4К деңгейіндегі видеоларды қарап, YouTube тамашалап, Zoom конференциясына қатыса алады. 

A2G технологиясының спутниктік байланыс көзінен айырмашылығы бұл кәдімгі ұялы байланыс үшін пайдаланылатын жоғары бағытталған сәулесі бар жердегі мұнаралар. Олардың сигналын қабылдау үшін ұшақтар арнайы терминалдармен жабдықталған.

Еліміздің қаржы орталығында цифрлық даму мәселелері арқау болатын жыл сайынғы Digital Almaty форумы өтіп жатыр. Жиынның бірінші күні Freedom Holding Corp басшысы, мажоритарлық акционері Тимур Турлов: «цифрландыру арқасында соңғы бір жарым жылда жалпы несие портфелі 1 млрд доллардан асты», – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз