Қор нарықтары құбылып тұр: Лондон биржасында «Қазатомөнеркәсіп» құнды қағаздары 10,12% өсім көрсетті 

Жарияланды

Қор нарықтары құбылып тұр/kursiv.media

АҚШ қор нарықтарында жоғары динамика байқалды. Мәселен, Dow Jones индексі 0,97%-ға, S&P 500 1,25%-ға және Nasdaq Composite 1,30%-ға өсті. Merck акциялары да қалыс қалмады. Компания есебі жариялағаннан кейін, акциялары бірден 4,75% өсті.

Walgreens және Amgen акциялары сәйкесінше 3,01% және 3,28% жоғарылады. Алайда Honeywell акциялары 2,45%-ға төмендеді. Өйткені компанияның бірінші тоқсандағы нәтижелері сарапшылар күткеннен төмен болды. Жұмыссыздық туралы өтініштер соңғы екі айдағы ең жоғары межеге жетті, ал еңбек шығындары баяулады және жұмыс орындарының саны шектелді.

Ал Еуропа қор нарықтары керісінше, жағымсыз динамика көрсетті. Мысалы, Stoxx 600 индексі 0,4%-ға, DAX 40 0,3%-ға төмендеді. Еуроаймақтағы инфляция қаңтарда 2,8%-ға, базалық инфляция 3,3%-ға дейін төмендеді. Англия банкі Ұлыбританиядағы инфляцияның соңғы деректеріне байланысты мөлшерлемені 5,25% деңгейінде сақтап қалды. BNP Paribas акциялары 8%-ға, ал Adidas акциялары кірістің өсуіне қарамастан 2%-ға төмендеді. Volvo Cars акциялары Polestar Automotive еншілес компаниясын қаржыландыруды тоқтатқаннан кейін 26%-ға қымбаттады. Deutsche Bank акциялары тоқсандық оң нәтижелерге байланысты 3%-ға жуық өсті және компания дивидендтерді 50%-ға арттыруды жоспарлап отыр.

Азия нарықтарына келсек, Nikkei 225 индексі жұмада 0,1%-ға өсіп, 36 309-ға жетті. Мұндағы көшбасшылар технологиялық компаниялардың акциялары болды: Disco Corp (+2,2%), Advantest (+3,2%), Socionext (+4,2%) артты. Алайда кей компания акциялары  төмендеуді жалғастырды: Kawasaki Kisen (-3%), Mitsui OSK (-3%) және Nippon Yusen (-2,1%). 

Shanghai Composite Index 0,7%-ға төмендеп, 2751-ден төмен түсті.

Мәскеу биржасының индексі бейсенбі күні 0,57%-ға өсіп, 3 214,19 болды.

Қазақстандық компаниялардың акциялары қор нарықтарында қалай өсуде

Ал қазақстандық компанияларға келсек, Лондон мен Нью-Йорк қор биржаларында ең жоғары көрсеткіш «Қазатомөнеркәсіп» қағаздары бойынша тіркелді.  Компания акциялары бірден 10,12%-ға өсті. 

LSE-де Kaspi акциялары 0,11%-дан 92,1 долларға дейін өсті. Баға 93,8, бен  90,9 доллар аралығында құбылды. Жалпы сауда көлемі 873 171 доллар шамасында. 

Halyk акциялары да 1,54% өсіп, 14,54 долларда тоқтады. Баға 14,58 бен 14,32 доллар аралығында құбылды. Жалпы сауда көлемі 519 760 доллар. 

«Қазатомөнеркәсіп» құнды қағаздары атап өткеніміздей 10,12%, 44,6 долларлық динамика көрсетті. Сауда барысында ең жоғары нәтиже 44,95 доллар болса, төмені 40,15 доллар болды. Сауда көлемі 10 911 218 доллар. 

Тауар нарықтарына келсек, жұма күні таңертеңгі сауданың соңында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 81,71 долларды, WTI маркалы мұнай бағасы барреліне 74,29 долларды құрады.

Еске сала кетсек, Қазақстан қор нарығындағы жағдайды сарапшылар «жақсы» деп бағалап отыр. Өйткені басым көпшілігінің акциясы өскен. Мамандар құнды қағаздар нарығына талдау жасаған болатын.

Сонымен қатар әлемдік экономистер соғыс жағдайында қор нарығы қалай құбылатынын болжады.

Сондай-ақ оқыңыз