Жаңалықтар

73 млн теңге айыппұл салынды: 104 медициналық мекеме адам емдеуде тексерілмеген құрылғыларды пайдаланып келген

104 медициналық мекемесіне
Еліміздің 104 медициналық мекемесіне 671 тексеріс жүргізілген / Фото: kursiv.media

Қазақстанның 104 медициналық мекемесіне 73 млн теңге айыппұл салынды. Медициналық ұйымдар қызметінде тексерістен өтпеген құрылғыларды пайдаланып келген. Бұл жайлы Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарлады.

Атап айтқанда, емханалар, госпитальдар, әскери госпитальдар мен лазареттердің қызметі тексерілген. Нәтижесінде олқылықтар анықталған мекемелерге жалпы құны 73 539 750 теңгені құрайтын айыппұл салынған.

2023 жылы Комитет пен оның аумақтық департаменттері медициналық мекемелерге 671 тексеру жүргізген. Тексеру барысында 104 медициналық мекемеде 6 мыңнан астам тексерілмеген бақылау-өлшеу құралдары пайдаланылғаны анықталған. Оның ішінде қан қысымын өлшейтін құрылғылар, жасанды тыныс алу аппараттары бар. Сонымен бірге дефибрилляторлар, нәрестелерге арналған инкубаторлар сынды адам өмірін сақтап қалуда маңызды саналатын құрал-жабдықтар бар.

«Медицинада өлшеу құралдарының уақтылы тексерілмеуі өлшеу нәтижелерінің дұрыс болмауына әкеп соқтырады, бұл сайып келгенде қате диагноздарға алып келеді және адамдардың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді»,– деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Еске сала кетсек, өткен жылдың сәуір айында Тоқаев Медициналық сақтандыру қорының аймақтық филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді тапсырған болатын.

Мемлекет басшысы ақпараттандырудың төмен деңгейі медицина қызметкерлеріне жүктеменің айтарлықтай артуына әкелгенін, медициналық сақтандыру қорының өңірлік комиссияларының қызметінің ашық еместігін, бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне әкелетінін айтты. Медициналық көмекті бақылаусыз тұтыну салдарынан қымбат тұратын диагностикалық қызметтердің саны 11 есеге өскенін атап өтті. Медициналық құрал-жабдықтардың өз бағасынан әлдеқайда қымбат шығатын жағдайлар аз еместігін айтқан. Президент медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырды.

Ал 2023 жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азаматтарға онкологиялық көмек көрсетуді жетілдіруге бағытталған «Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті.

Кешенді жоспарға сәйкес әрбір өңірде соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылады. Бұл арқылы науқастар әлемдік стандарт деңгейінде заманауи сәулелік ем алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмектер қолжетімді болады.