Алматыда түнімен жауған қардың қалыңдығы 10 см жетті. Бұл жайлы Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлады.
«Алматыда 1 ақпан сағат 22:30-дан басталған қар түске дейін жауады деп болжанып отыр. Сағат 07:00-дегі жағдай бойынша ақ ұлпа 10 см-ге жетті»,– делінген хабарламада.
Толассыз жауған қарды түнгі уақытта 426 бірлік арнайы техника мен 278 жұмысшы тазалаған. Көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауғанға дейін қаланың негізгі көшелері сұйық реагенттермен өңделген.
Ал сағат 04.00-тен бастап 166 құм таратқыш арқылы көктайғаққа қарсы материалдар себіле бастады. Үш сағат ішінде 520 тонна көктайғаққа қарсы материал қолданылған.
Сағат 05.00-тен бастап 149 шағын көлемді тротуар тазалағыш техниканың көмегімен тротуарлар мен қоғамдық орындарда қар күреле бастады.
Сағат 6:00-ден бастап, жол патрульдік полиция көліктерінің жол бастап жүруімен 14 колонна көлік қар күреуге кіріскен.
«Қала көшелерінен 44 қар тиегіш пен 73 өзі түсіргіш жүк көлігімен қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Түнгі уақытта 3,8 мың м3 қар шығарылды. Сағат 08.00-ден бастап 452 бірлік арнайы техника, оның ішінде 174 шағын көлемді техника мен 1183 жұмысшы қар күреуге жұмылдырылады. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды«,– делінген хабарламада.
Дауылды ескерту
«Қазгидромет» хабарлауынша бұл қар түске дейін жауады. Тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның біраз аумағында қар жауып, ауа райы бұзылған. Осыған орай, «Қазгидромет» елдің 15 облысында дауылды ескерту жариялады. Ауа райы болжамына сәйкес, еліміздің 15 өңірінде қар соңы қарлы боранға ұласуы мүмкін.
Атап айтқанда, Жетісу облысында, Астанада, Ұлытау өңірінде, Қарағанды облысында, Ақтөбе облысында, Ақмола облысында, Павлодар облысында қарлы боран болады деп болжанады. Ал Маңғыстау мен Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында көктайғақ пен тұман болуы мүмкін. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Түркістан, Жамбыл облыстарында қалың қар жауып, соңы көктайғақ пен тұманға ұласып, артынша боран соғатыны айтылған.
Еске сала кетсек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты бес облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың кейбір учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілетінін хабарлады.
Компания мәліметінше, 1 ақпанда сағат 18: 00-де Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарында жолдар жабылған.
- Жетісу облысында 1 жол учаскесі. «Ұшарал – Достық» 84-184 км, Көктұма станциясынан Достық станциясына дейін – 100 км.
- Қостанай облысында 1 жол учаскесі. «Жезқазған-Петропавл» 252-335 км, Ұлытау облысынын шекарасынан Арқалыққа дейін – 83 км.
- Түркістан облысында 1 жол учаскесі. «Алматы-Ташкент-Термез» 593-652 км, Түркістан облысынын шекарасынан – Машатқа дейін– 59 км.
- Ұлытау облысында 1 жол учаскесі. «Жезқазған-Петропавл» 137-252 км, Ұлытау к.-Қостанайская облысынын шекарасына дейін – 115 км.