Неге министрлерге қазақ тілінен тест тапсыру міндеттелмейді – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы жауап берді
Министрлер қазақ тілінен тест тапсыруға міндетті емес. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтты.
Журналистер агенттік өкілінен жалпы «жауапты мемлекеттік қызмет атқару үшін қазақ тілін білу міндетті ме?» деп сұрады.
«Барлық мемлекеттік қызметкердің барлығы қазақ тілінен тест тапсырады. Онда қалайша қазақ тілін меңгермеген Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрі, ал Қанат Шарлапаев Өндіріс және құрылыс министрі болып тағайындалды? Қазақстандықтарды да тіл білмейтін адамның қалайша министр болғаны қызықтырады. Олар тестілеуден қалай өтті?», – деді журналист.
Салауат Мүксімов министрлер қазақ тілінен тест тапсыруға міндеттелмейтінін айтты.
«Бұл мәселеге қатысты бізде қателесетіндер көп. Тесті мемлекеттік қызмет атқарғысы келген адамдар тапсырады. Яғни мұндай іріктеу мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерге қойылатын талап саналады. Ал саяси қызмет иелеріне келер болсақ, оларды тағайындау тәртібі басқаша. Онда тестілеуден өтудің қажет жоқ. Оларды тағайындайды, олар бұл қызметке келерде конкурстан өтпейді»,– деді Мүксімов.
Яғни бұл талаптарға сәйкес, парламент спикерлері, әкімдер мен министрлер мемлекеттік тілді білмей-ақ қызмет атқара алады. Журналист: «Сонда мемлекеттік ведомства өкілдерінің мемлекеттік тілді білмеуі қаншалықты дұрыс?» , – деп сұрады.
Агенттік өкілі министрлерге тіл білу міндеттелмесе де, жалпы тілге қатысты талаптар қойылуы мүмкін екенін айтты. Айтуынша, лауазымды мемлекеттік тұлғалар халықпен кездесулерде оған қай тілде сөйлесе, сол тілде жауап беруі керек. Заңнамада солай көрсетілген. Сондықтан мминистрлерге жалпы тілге қатысты талаптар қойылуы мүмкін. Ол оның кәсіби саласына байланысты болмақ.
Еске сала кетсек, 2023 жылы 4 сәуірде «Самұрық-Қазына» АҚ экс-басшысы Алмасадам Сәтқалиеев Энергетика министрі болып тағайындалды.
Ал 7 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Шарлапаев Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды. Осы уақытқа дейін Ресейдің Саратов облысында туған Шарлапаевтың «азаматтығына» қатысты қоғамда біраз сөз болған. «Бәйтерек» холдингінің сайтындағы дерекке сәйкес, Шарлапаев – РФ мен Ұлыбритания азаматы болған. Кейін оның Қазақстан азаматтығын алғаны мәлім болды. Еске сала кетейік, Ресейдің бірқатар масс-медиасы Шарлапаевтың әкесі Бейсембай Шарлапаевтың Сарытауда (Саратов) елге белгілі, аграр маманы болғанын, 2016 жылдың қарашасында аймақ басшылығына пара бергені үшін сотталғанын жазады.