Президент мерзімін өткерген әскерилерді запасқа шығару жөніндегі қаулыға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімін өткерген әскерилерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2024 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек- желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы қаулыға қол қойды.
«Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2024 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын», – делінген қаулыда.
Сонымен бірге қаулыға сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар 2024 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылады.
2024 жылдың әскери қызметке шақыру наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсанда жүргізіледі. Ол жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті әскери басқару органдарына жүктелген.
Ал Үкімет ҚР ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін ҚР ҚК, ҚР ІІМ, ҚР ТЖМ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған ҚР азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Запастағы әскерилер қызметке шақырылды
Еске сала кетсек, еліміздің запастағы 750 офицер екі жылға әскери қызметке шақыртылады. Қарулы күштеріне – 600, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 80 офицер шақырылды. Ішкі істер министрлігі Ұлттық Ұланға – 42, ҚР Төтенше жағдайлар қызметіне – 30 офицер шақыртылған.
Сонымен бірге осы жылы Парламенттің қос палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын мақұлдады.
Оған сәйкес Қазақстанның бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберіледі. Әскери құрам БҰҰ-ның миссиясын орындауға осы жылдың наурыз айында кетеді. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етіп келеді. Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімгершілік миссиясы. Оның әскери құрамына 139 қызметкер кіреді. Рота құрамына мерзімді әскери қызметкерлер кірмейді. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлер, офицерлер барады.
Қазақстан бітімгерлерін Сирияға жіберу үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат қару-жарақ пен керекті әскери техникалардың тасымалына жұмсалады.