Жаңалықтар

“Ары тұр, бері тұр, басқа бөлмеге бар” – Альфа буын тәрбиесіне қатысты психолог кеңесі

«Ары тұр, бері тұр, басқа бөлмеге бар» – Альфа буын тәрбиесіне қатысты психолог кеңесі / shutterstock

Ата-анаға арналған кеңес: Альфа буын саналатын 2010 жылдан кейінгі балаларды тәрбиелеудің қандай ерекшеліктері бар? Альфа буын балалардың ішкі жан-дүниесі, пікір бөлісуі, оларға көңіл бөлудің маңызы қандай? Осы және өзге де сұрақтарға балалар психологы Самат Құлманов жауап беріп, ойымен бөлісті.

Баланы ешқашан жалғызсыратпау керек

Баланың психологиялық дұрыс дамуы үшін ата-ана, ең алдымен, өзінің психологиялық жағдайына көңіл бөлуі қажет. Баланы орынсыз шектемеу керек. Баланы қонақ келгенде «ары тұр, бері тұр, басқа бөлмеге бар» деп шектеу балалардың құқығының ғана емес, психологиялық жағынан да әлсіз сезінуіне  әкеліп соғады.  Яғни оның өмірге деген құлшынысқа толы нәзік сезімдерін жарақаттайды. Психолог ата-анадан жылулық пен жақсы көңіл-күйді сезінбеген бала өзіне қажетті сезімнің барлығын телефон ішіндегі интернет-ойындарынан табатынын айтады.

Кезінде ата-анамыз бізді қонақ келгенде «кедергі жасамаңдар, өңмеңдеп дастарханға келе бермеңдер» деп бар дәмдісін қонаққа жайып, ал бізді басқа бөлмеге жібергені жасырын емес. Сол басқа бөлмеде кітап оқып немесе жалғыз ойын ойнап, сурет салып отыратын кездеріміз аз болған жоқ. Ол тәрбие зиян болмағанымен, баланың психологиясына шектеу қоятын. Яғни бала «мен бұл үйде артықпын, менен ата-анам бар жақсысын тығады, мені барлық тағамды жеп қояды деп ұялады» деген сияқты пікірлерді қалыптастырып, өзін төмен санап кетеді.

Ондай кезде «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген қазақтың нақыл сөзі бекер айтылмаған. Сондықтан нақты айтар ойым: баланың ойындағысын әрқашан біліп, онымен ашық сөйлесу керек. Басқалармен сол деңгейде сөйлесуге мүмкіндік беру. Егер бала қонақтармен ашық пікірталас жасап, әңгіме-дүкен құрса оның көкжиегінің кеңуіне, өзін керекті адам сезінуіне, қоғамға тез бейімделуіне жол ашылады. Ал ашық жарқын бала суицид сияқты әрекеттерге ешқашан бармайды. Өйткені ол ешқашан жалғыз қалмайды. 

Балалардың айтқан әңгімелеріне үнемі мән беру керек 

Балаларыңызбен тамақ ішкен кезде немесе ұйықтар алдында міндетті түрде әңгімелесіңіз. Олардың айтатын әңгімесіне мән беру керек. Егер бала қияли әңгімелерді көптеп айтып, қорқынышты фильмдердің эпизодттарынан үзінді келтіріп отырса, ата-ана ойлануы керек. Олар телефон арқылы қандай тақырыптағы ақпаратты іздейтініне де мән беру керек. Мәселен, кейбір бала ешкіммен сөйлеспейді. Тіпті ата-анасына жағдайын айтпайтын балалар көп.

«Олар менің тәжірибемде көптеп кездесті», – дейді психолог Самат Құлманов.

Әсіресе, бұйығы болып жүретін балаларды сөзге көптеп тарту қажет. Балаңыз біреумен төбелесіп жүруі мүмкін. Отбасы мүшелері мен мектептегі үлкендерден қорлық көріп жүруі де ықтимал. Тіпті біреуден қорқып, біреуге қарыз болуы да мүмкін. Кейбір жасөспірімдер ғашықтықтан ішқұса болып жүруі мүмкін ғой. Сол кезде оларға дер кезінде ойындағысын шығаруға ата-анасы көмектесіп жіберу керек. Психологиялық жағынан әлсіз балалар өз-өздерін қол жұмсап жіберуі де мүмкін. 

 Жеткіншектің өзіне – өзі қол жұмсауының себептері 

Депрессиялық көңіл күй. Жеткіншектің жанының жараланғыштығы, психикалық ауруларға шалдығуы да әсерін тигізеді. Сондай-ақ отбасындағы шиленіскен қарым – қатынастар, оқудағы қиындықтар (мұғаліммен ортақ тіл табыса алмауы да әсерін тигізеді),әдетте, сәтсіздіктің белгісі. Басқа адамдармен қарым-қатынасындағы сәтсіздіктер, жақын адамынан айырылу,қоғамдық орындардағы эмоционалдық, психикалық көңіл күйге назар аудармай, ауыр дөрекі сөздермен кемсіту, ар – ождан, намысқа тию (топас, есуас, жынды деген сөздерді жиі айту), дене бітімінде физиологиялық кемшіліктер (адамның өзіне – өзі қанағаттанбауы) де осыған жатады. Ал тәуекелге баратын жасөспірімдердің ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, мүгедек балалар, физиологиялық және психикалық даму кемістігі бар балалар, зорлық-зомбылық көрген , өзін-өзі бағалауы төмен балалар,тез ренжігіш және депрессияға жеңіл түсетін балаларды атауға болады. Ондай кезде психологтар осындай қауіпті балалармен мектепте, балабақшада жеке жұмыс істеп, олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатуы керек.

Баланы қауіптен аман сақтаудың белгілері Балаға көп ұрыса бермеңіз. Ескерту жасап, қол көтермеңізДостарымен салыстырғанды қойыңыз. Күнде жылы сөйлеп, құшақтап қойыңыз. 

Осыған дейін балаға қаржылық сауат жайлы қалай түсіндіру керек екендігін жазған едік.