Автобус құлаған «Майқайыңалтын» аумағында тағы да жер опырылуы мүмкін
Қаңтар айының басында құтқарушылар мінген автобус құлаған «Майқайыңалтын» кен орны аумағында тағы да жер опырылуы мүмкін.
«GRP Ridder grupp» компаниясы автобус құлаған аумақты зерттеу кезінде объектінің орналасқан жерінде құлау ықтималдығы жоғары деген қорытындыға келген.
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылу орнының барлық периметрі бойынша жарықтар пайда болды. Бұл – өте қауіпті»,– делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Министрлік, апат болған жерде құтқарушылардың өміріне төнген қауіп жоғарылағанын хабарлады.
Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы опырылу орнында экскаваторлар топырақ пен тау жыныстарын қайта экскавациялау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Министрлік аумақтағы авариялық-құтқару жұмыстарын тұтастай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдау құқығы кеніш басшылығына берілгенін атап өткен.
Апат туралы
4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.
Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.
5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.
6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техника жетті. 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.
9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.
Құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кез келген уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін, деп мәлімдеді ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықов «Майқайыңалтын» кенішіндегі апатқа қатысты пікір білдіргенде.
15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етті. Мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.
Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Қазақстан қор биржасында жария етілген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен аффирленген тұлғалар тізіміне сәйкес, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген. RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр.