Қарағандыда республикалық маңызы бар бірнеше жол учаскесі жабылады
Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Екатеринбург-Алматы» мен «Астана-Теміртау» жол учаскелері жабылады.
ҚазАвтожолдың хабарлауынша, қатты жел тұрып, боран соққандықтан, жол көрінісі нашарлап, республикалық маңызы бар «Ектеринбург-Алматы» тас жолының Жібек жолы ақы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аймақта жол қозғалысы шектеледі.
Бұдан бөлек, ауа райы қолайсыздығына байланысты Астана-Қабанбай батыр-Нұра- Теміртау учаскелерінде көліктің барлық түріне жол жүруге шектеу енгізіледі.
Күні кеше ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Тараз қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі аумақта қарлы боранға байланысты жол жүру мүмкін емес болды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 900-ге жуық жеңіл және жүк көліктері жолда қалған. Бұл жайлы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады.
Тараз қаласы маңында 350 жүк көлігі мен 50 жеңіл автокөлік тұр. Байзақ ауданындағы Ақшолақ станциясында 100 жүк көлігі тоқтап тұр. Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылының маңында 200 көлік және Қордай ауданы Қайнар ауылында 200 автокөлік тоқтатылған.
«Жүргізушілер мен жолаушылар тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етілуде. Жергілікті атқарушы органдардың, полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тұрғындарға тиісті көмек көрсетіп, көліктерді қар құрсауынан шығару үшін нақты шаралар қабылдауда», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қарлы боранға байланысты «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолында 161-273 шақырым аралығында барлық автокөлік құралы үшін қозғалыс тоқтатылған.
1 ақпанда Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты бес облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың бес учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілген.
Айта кетейік, елімізде боран, қар көктайғақ және тұман күтіледі деп хабарлаған болатынбыз.
Еліміздің солтүстік аймақтарында қар жауып, оңтүстігінде де қар мен жаңбыр күтіледі. Сондай-ақ боран мен жел күшейеді. Ал Оңтүстіктің таулы аймақтарында қатты жаңбыр, қар, көктайғақ және тұман болады.
«Температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді», – делінген хабарламада.
«Қазавтожол» ұлттық компаниясы — республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының операторы. Ұлттық операторға ақылы қозғалысты ұйымдастыру және жол бойындағы сервисті дамыту бойынша өкілеттіктер берілген.