Жаңалықтар

Бішкек ЖЭО-да болған апаттан кейін, Қазақстан Қырғызстанға электр энергиясын беруді ұлғайтты

грэс
Қазақстан Жамбыл МАЭС-пен Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуді ұлғайтты Фото: shutterstock

Қазақстан Бішкек ЖЭО апатынан кейін Қырғызстанға электр энергиясын беруді ұлғайтты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы өзекті мәселелері бойынша телефон арқылы келіссөздер жүргізді.

Сұхбат барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бішкек қаласының ЖЭО-ға қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуді үйлестіру бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Қырғызстанның Сыртқы саяси ведомствосының басшысы ЖЭО жұмысын қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Жамбыл МАЭС-нен электр энергиясын жеткізу көлемін ұлғайтуға байланысты мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, Бішкек ЖЭО-да апат болды.

Бішкек жылу электр орталығына диверсия жасалған болуы мүмкін. Мұндай болжамды Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев айтты.

Бұл жайлы 2 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қамшыбек Ташиев диверсия мүмкіндігін жоққа шығармайды. Өйткені апаттың алдында әлдененің жарылған даусын естігендер бар.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжиев жылу электр орталығында төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Ол апат қолдан жасалған болуы мүмкін деген болжамдардың қарастырылып жатқанын айтқан.

Жарылыс Бішкек ЖЭО-сының 14-ші қазандығында болған. Апатқа қарамастан, кейбір аудандарға жылу үзіліссіз беріліп жатыр. Ал кей аудандарға су тек рециркуляция режимінде, яғни төмен температурада беріліп отыр.

Апат туралы

Еске сала кетсек, 1-нен 2-ші ақпанға қараған түні Бішкек ЖЭО-сында апат болып, салдарынан бес адам жарақат алған. Екеуінің денесін қатты күйік шалып жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.

Қаланың кей тұстарында жылу беру тоқтағанына байланысты қаладағы мектептер мен балабақшалар онлайн оқытуға көшірілген. Ал Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы бұл жағдайды Қырғызстан Президенті өз бақылауында ұстап отырғанын хабарлаған.

Бұған дейін Өзбекстан мен Түрікменстан Қырғызстанға көмек ретінде сұйытылған газ жіберген болатын.

Бішкек прокуратурасы жылу орталығындағы апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Айта кетсек, Бішкектегі ЖЭО-да болған жарылысқа байланысты Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қазақстандағы ресми сапарын аяқасты үзіп, шұғыл түрде Қырғызстанға қайту туралы шешім қабылдады деп хабарладық.