Шымкентте 1,5 мың үй газсыз қалды

Жарияланды (жаңартылды )
газ
Шымкентте 1500 жуық үй газсыз қалды/ Фото: shutterstock

Шымкентте газ құбырынан ақау шықты. Апат салдарынан 1500 жеке газ тұтынушы мен 7 өндірістік кәсіпорынға уақытша газ беру тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, 3 ақпанда сағат 21:45-те Шымкенттегі Мәртөбе елдімекенінде Ду-325 мм жоғары қысымды газ құбырынан табиғи газдың шығыны анықталды.

«Апат салдарынан 1500 жеке газ тұтынушы мен 7 өндірістік кәсіпорынға уақытша газ беру тоқтатылды», – делінген хабарламада.

Ақауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техникалар мен 30 жұмысшы жұмылдырылған.

Мамандар тұрғындардан газ крандарының жабық болуын қадағалауларын сұрайды.

«Газдың иісі байқалған жағдайда 104 апаттық қызметіне хабарласу қажет», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысында екі қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, екі адам қаза тапты.

Қарағанды облысында Бұқар жырау ауданындағы 2 қабатты тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды. Салдарынан үй шатырынан бастап, төменгі қабаттың қабырғаларына дейін опырылып, ортасына түскен. Апат салдарынан екі адам қаза тапқан. Үйінді астында адамдар бар. Бұл жайлы аудан әкімі Абылай Сұлтанғали жазды.

«2024 жылғы қаңтарда сағат 00:07-де Бұқар жырау ауданы, Ботақара кенті, Әуезов көшесіндегі 12 пәтерден тұратын 2 қабатты үйдің 2-ші кіреберісінде алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылды. Кейіннен екінші қабат жартылай қирады. Өрт болмады. Үйінділердің астында адамдар бар. Жергілікті жерде Штаб ұйымдастырылды»,– деп жазды аудан әкімі Абылай Сұлтанғали өзінің Инстаграм парақшасында.

Әкімнің хабарлауынша, апат орнында 45 адам және 13 техника жұмылдырылған.
Үйінді астынан 6 адам шығарылып, Ботақара кентінің орталық ауруханасына жіберілген. Ал екі адам қаза тапқан.

Айта кетейік, дәл осындай жарылыс 2023 жылы 17 сәуірде Жаңаөзен қаласында болды. Онда да дәл осындай 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй қабырғалары опырылған болатын.

Жаңаөзендегі екіқабатты тұрғын үйде газ баллоны емес, газ-ауа қоспасының жарылысы болды деген болжам бар. Ал жарылыс қуатының жойқын болуына жабық кеңістік болғаны себеп болған. Жарылыстан 4 пәтер толықтай жойылып, 4 адам қайтыс болды.

Сондай-ақ оқыңыз