Жаңалықтар

Шымкенттегі газ құбырындағы апат жақында болған жер сілкінісі салдарынан болды – “ҚазТрансГаз Аймақ”

Шымкенттегі газ құбырындағы апат жер сілкінісі салдарынан болды/Фото:ҚазТрансГаз Аймақ

Шымкентте газ құбырындағы ақау қалпына келтірілді. Тұтынушыларды табиғи газға қайта қосу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы «ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Газ құбырындағы ақау дереу анықталып, оны жедел қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тұтынушыларды газға қайта қосу жұмыстары 4 ақпан күні таңертең толығымен аяқталды», – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша,  диаметрі 325 мм жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға тарап жатқаны анықталды. Апатты жою үшін жеке сектордың 1 450 газ тұтынушысы, 7 кәсіпорын газдан шұғыл жүйесінен ажыратылған.

Айта кетейік, апатты жағдайды жоюға және газды қайта қосу жұмыстарына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ, «Шымкент» МГҚ «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС тарапынан 40 адам, сондай-ақ 5 арнайы техника жұмылдырылды.

«Газ құбырындағы бұл жағдай жақында болған жер сілкінісі салдарынан пайда болды. Бұған дейін де осындай жағдай Қайнар ауылының маңындағы орта қысымды жерасты газ құбырында тіркелген болатын«, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Шымкентте газ құбырынан ақау шықты. Апат салдарынан 1500 жеке газ тұтынушы мен 7 өндірістік кәсіпорынға уақытша газ беру тоқтатылды.

Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, Шымкенттегі Мәртөбе елдімекенінде Ду-325 мм жоғары қысымды газ құбырынан табиғи газдың шығыны анықталды.

«Апат салдарынан 1500 жеке газ тұтынушы мен 7 өндірістік кәсіпорынға уақытша газ беру тоқтатылды», – делінген хабарламада.

Ақауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы техникалар мен 30 жұмысшы жұмылдырылған.

Мамандар тұрғындардан газ крандарының жабық болуын қадағалауларын сұрайды.

«Газдың иісі байқалған жағдайда 104 апаттық қызметіне хабарласу қажет», –делінген хабарламада.

Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-мен бірлесіп өткен жер сілкінісінен кейін 23 қаңтардан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын газ құбырларын тексеріп келеді. Бұл жұмыстар үшін  «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы қолданылады.

Айта кетейік, Қарағанды облысында екі қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, екі адам қаза тапты.