«Алтын Орда» базарының бұрынғы атқарушы директоры Ермек Марқабаевқа қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сақтап тасымалдады деп айыпталды. Бұл туралы Алматы облысы Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткен жазда Алматы – Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы орындығында Марқабаев отырған көлікті тоқтатқаны анықталды. Жеке тінту кезінде ұнтақты заты бар пакет табылып тәркіленді. Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон психотроптық заты болып шықты», – деп жазылған сот хабарламасында.
Мемлекеттік айыптаушы, Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотталушы Марқабаевты кінәлі деп тануды және оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен дәлелденіп, расталды», –делінген хабарламада.
Сотталушы Ермек Марқабаевқа кінәсін мойындамады және айғақ беруден бас тартты.
«Сот үкімімен Ермек Марқабаевқа ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды,»– делінген Алматы облысы Қарасай аудандық сотының хабарламасында.
Естеріңізге сала кетсек, Ермек Марқабаев 2023 жылдың маусым айында Алтын Ордаға жақын көшеде ұсталған болатын. Оны тінту кезінде одан ұнтақ пен тапанша табылғаны хабарланды.
Айта кетейік, Алматы облысында «Алтын Орда» базарының тең иесі Данияр Әлпиев қамауға алынды. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлады Қарасай аудандық соты.
«Алматы облысы Қарасай аудандық сотында ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген (алаяқтық, яғни аса ірі мөлшерде алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдіктелген Данияр Әлпиевқа қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы Алматы облысы Қарасай ауданы ПБ тергеушісінің өтініші қаралды», – делінген сот баспасөз қызметі.
Мемлекеттік айыптаушы, ол мүлікке қарсы ауыр қылмыс жасады деп күдіктелгенін, 2019 жылдың басында осындай ауыр қылмыс үшін сотталғанын, тергеу мен соттан жасырынып, істі объективті тергеу мен сотта қарауға кедергі келтіруі мүмкін екенін көрсетіп, өтінішті қанағаттандыруды сұрады.
Материалдарды зерттеп, тараптардың дәлелдерін тыңдап, сот, ҚІЖК-нің 136, 147 және 151-баптарын басшылыққа ала отырып, тергеушінің Әлпиевқа қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішін қанағаттандырды.
Осыған дейін «Алтын Орда» базары цифрландырылып, сайты ашылады деп хабарладық. «Алтын Орда» базарындағы бизнес-процес цифрлық форматқа көшіріледі.
Базарда 6 шлагбаум штаттық режимде жұмыс істейді. POS-терминал орнатылады. Қолданысқа QR төлем енгізіліп, базардың сайты іске қосылады.