Air Astana IPO-сы: қандай тәуекел бар?
AIX алаңында Air Astana IPO-сының бөлшек инвесторларға арналған роудшоуы өтті. Компанияның бас директоры Питер Фостер «Эйр Астана» акциясын сатып алу арқылы «Орталық Азия мен Кавказдағы «сингапурлық» әуе компанияға» инвестиция салынатынын» айтып өткен.
Теңге бағамының компания балансына, кіріс пен шығыс есебіне әсері шектеулі. Қаржы директоры Ибрагим Жанлыелдің айтуынша, әуе компаниясы кірісінің 35 пайызы және шығысының 39 пайызы теңгемен көрсетілген. Ал кірістің 36%-ы ішкі нарыққа тиесілі болса, қалған 64%-ы халықаралық тасымалдаудан түседі.
Жолаушылардың 72 пайызы ішкі рейстерге билет алса, 28 пайызы халықаралық рейстермен ұшқан. «Эйр Астананың» ішкі рейстердегі үлесі – 70%, халықаралық рейстердегі үлесі – 53%.
Қандай тәуекел бар?
Компания акцияларын жария оналастыру барысында жеке инвесторларға қандай тәуекелі бары аса ашып айтылмайды. Десе де, Қазақстанда әуе отын өндірісінің тапшылығы жоғары тәуекелдің бірі ретінде аталады.
Әуе компаниясы сатып алатын жанармайдың 70 пайызы ішкі нарықтан келсе, қалған 30 пайызы шетелден импортталады. 2008 жылдан бері «Эйр Астана» авиакеросинді үш мұнай өңдеу зауытынан тікелей сатып алды. Алайда Қазақстанда авиакеросин өндірісі авиация саласының қажеттілігін өтемейді. Оған қоса Қазақстан шығаратын отынды әлемде танымал авиакеросин маркасымен (Jet A-1) араластырып, бірге сақтауға болмайды..
Ал «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов IPO аясында қордың негізгі мақсаты – мемлекеттің экономикадағы үлесін одан әрі төмендету екенін атап өтті.
ІPO-да орналастырылатын қарапайым акциялар көлемі $300 млн құрайды.
Компания IPO барысында KASE мен AIX алаңында 141 млн қарапайым акциясын орналастырады. Ал LSE мен AIX алаңына ғаламдық депозитарлық қолхаттары шығарылды.
29 қаңтар күні Қазақстан қор биржасында «Эйр Астана» АҚ (AIRA) қарапайым акцияларының жария ұсынысы ашылды. Ол 8 ақпанға дейін жалғасады.
Эмитенттің қарапайым акциялары бойынша болжамды баға аралығы – бір қарапайым акция үшін 2,13 доллардан 2,75 долларға дейін белгіленген. Ал 1 ҒДҚ құны 8,50 және 11,00 АҚШ доллары аралығында болуы мүмкін. 1 ҒДҚ құны – 4 қарапайым акция бағасына тең.
Инвесторлар кем дегенде бір акцияға өтініш бере алады. Қанша акция алам десе де, шектеу жоқ.
Инвесторларға екі акционердің – «Самұрық-Қазына» қоры мен британдық BAE Systems компаниясының акциялары, сондай-ақ жаңадан шығарылатын акциялар ұсынылады. Нәтижесінде қор өз үлесін 41%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр. IPO нәтижесі бойынша нарықтық капиталдандыру 770–962 миллион долларды құрауы мүмкін.
IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.