2024 жылдың күзіне қарай алтын мен күміс бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін. Швейцариялық қаржы холдингі – UBS-тің болжамы бойынша, оған Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі ықпал етпек.
«ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсартуымен алтын бағасы қымбаттайды деп болжаймыз. Бұл сондай-ақ доллардың әлсіреуімен қатар жүреді»,– деді инвестициялық банктің бағалы металдар бойынша стратегі Джони Тэвес.
Сарапшы бір унция алтын бағасы жыл соңына дейін 2200 долларға жетеді деп болжайды.
Алтын бағасы пайыздық мөлшерлемеге кері бағытта қалыптасатын үрдіске ие. Пайыздық мөлшерлеме төмендеген сайын алтын төмен пайыздық ортада әлсіз кіріс әкелетін облигация сынды инвестқұралдармен салыстырғанда тартымдырақ бола түседі.
Төмен пайыздық мөлшерлеме долларды әлсіретіп, халықаралық сатып алушылар үшін алтынды арзандата түсіп, оған деген сұранысты арттырады.
Мөлшерлеме қашан және қаншалықты төмендейтіні белгісіз болса да, UBS Федералды резерв жүйесі қаржы саясатын жұмсартады деп күтеді. Өткен аптада ФРЖ негізгі ставканы өзгеріссіз қалдырып, мөлшерлеме наурызда төмендейді деген сарапшылар сенімін сейілтті.
Израиль мен Хамастың соғысы басталғалы, алтын құймалардың қауіпсіз актив ретіндегі тартымдылығы артқан. Бұл өткен айда баға бір унциясы үшін 2100 долларға дейін жетуіне ықпал етті.
«Инвесторлар макробелгісіздік және геосаяси тәуекелдер жоғары ортада алтынға инвестиция сала бастайды деп ойлаймыз»,– деді Тевес.
Қаржы мамандары алтынмен қатар, күміт бағасы да қымбаттайды деген пікірде. Күміс, инвестқұрал ретінде аса тартымды болмаса да, ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсартуы жағымды әсер етеді.
Күмістің өнімділігі оның өнеркәсіпте кең қолданылуына байланысты. Қымбат металл, әдетте, автомобиль, күн панельдері, зергерлік бұйымдар мен электроника өндірісінде қолданылады.
Алтын бағасы қазір қанша?
Қазір биржада алтынның 1 унциясы $2 054,5 саудаланып жатыр. Бір унция – шамамен 31,1 грамға тең.
2023 жылы сәуірдің төрті күнгі сауда-саттықта бағалы металл фьючерстерінің құны 2000 доллардан асты. 2022 жылдың наурызынан бергі рекордық өсімге доллардың әлсіреуі және ФРЖ-ның ақша-несие саясатының жұмсаруы себеп болған.
Былтыр жыл соңында геосаяси шиеленістің күшеюі аясында бағасы тарихи максимумға жетті. Бағалы металл «құнды» болуының арқасында бір унция үшін 2135,39 доллардан асқан.